26 мамырда Орал соты 13 жасар өгей қызын "зорлады", "азғындық әрекетке барды" деп айыпталған 33 жастағы Болат Аймағамбетовке қатысты үкім шығарып, оны 20 жылға соттады
Сот жабық режимде өтті. Үкімді журналистерге судья Бақыт Ермаханов хабарлады.
— Cотта айыпталушының кінәсі куәгерлер сөзімен, жәбірленушінің айтқанымен, экспертизамен дәлелденді, - деді судья.
Ермахановтың сөзінше, отырыс кезінде прокурор айыпталушыға 20 жыл түрме жазасын сұраған, сот онымен келіскен.
Соттан кейін кішкентай қыздың шешесі Самира Дусталиева судья айыпталушыға шығын ретінде жеті миллион теңге (шамамен 16,3 мың доллар) төлеуге міндеттеді дейді. Жәбірленуші тарап шығын ретінде 15 млн теңге сұраған.
— Оған ең ауыр жазаны қалар едім. Бірақ бұл – осы бапта қарастырылған ең ауыр жаза. Қызым екеуміз оған аз жыл беріле ме деп қорқып едік, - дейді ол.
Айыпталушының адвокаты Мереке Ғабдуалиев Азаттыққа "Аймағамбетов айыбын мойындамайтынын" айтты. Сөзінше, олар апелляциялық шағым түсіреді.
2019 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейткен. 2020 жылы күшіне енген заңға сай, екі тарап татуласа алмайды, ересек адамды зорлаған айыпталушы 5-8 жылға, кәмелетке толмаған баланы зорлаған адам 20 жылдан өмір бойына түрмеге қамау қарастырылған.