Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Instagram-дағы Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті қудалау туралы іске пікір білдіріп, "сатира мен жалған ақпараттың арасындағы айырма" туралы ескертті.
"Бұл жағдайды жақсы білемін, жіті қадағалап отырмын. Осы тұста айтарым: юмор мен сатираға жақсы қараймын, ал сатира мен жалған ақпараттың арасындағы айырманы білу – екінші мәселе, ал қоғамда қозғалыс тудырып, резонанс әкелетін де – сол [жалған ақпарат]. Сондықтан қазір бұл мәселемен ведомство айналысып, экспертиза жасап жатыр, сондықтан барлығы осы экспертизаның қорытындысына байланысты болмақ. Бірге бақылап, қарап отырамыз, — деді Балаева 26 мамырда өткен брифингте.
Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебек Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату") аясында қозғалған іске "қорғануға қақысы бар куәгер" ретінде қатысып жатыр. Ол куәгерден "күдіктіге" айналуы мүмкін.
15 мамырда полиция Еңсебектің үйін тінтіп, өзінен жауап алды, компьютері мен телефонын алып кетті. Іс материалдарын жарияламау туралы қолхат берген Еңсебек "көрінеу жалған ақпарат" таратқанын жоққа шығарады, ал аталған парақшада ақпараттың сатиралық сипатта жазылғаны, "адамдармен және оқиғалармен сәйкестіктің бәрі кездейсоқтық" екені нақты айтылған. Әлдекімдер қорқыта берген соң Темірлан Еңсебек іс қозғалардан екі апта бұрын парақшаны өшіріп тастаған.
Qaznews24 парақшасы ел ішінде көп тараған посттар жариялап келген. Бір постта "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құдай статусын берді" делінсе, енді бірінде "Қазақстанның ішкі істер министрлігі азаматтардың шетелге жылына бір реттен артық шығуына, шетелдегі ауқатты тұрмыс туралы фото және видео жариялауға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп жатыр" деп жазылған.
Factcheck.kz онлайн-ресурсы Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына жазған ашық хатында Еңсебекті қудалауды "кем дегенде, өрескел қате, ал шын мәнінде, Қазақстан Конституциясының 20-бабын бұзу" деп атады. Бұл бап азаматтардың шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Ашық хатты бірнеше тәуелсіз басылым редакциясы қолдады. Қазақстандағы "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы да Еңсебекке қолдау білдірді.
Халықаралық Human Rights Watch және "Шекарасыз тілшілер" ұйымдары да Қазақстан билігін Еңсебекті қудалауды тоқтатып, "сөз бостандығына құрметпен қарауға" шақырды.
26 мамырда өткен брифингте Аида Балаева "әлеуметтік желілердің мәртебесін анықтаудың" маңызды екенін де айтты. "Қазір telegram-арналар, Instagram, Facebook БАҚ қатарына жатпайды. Сондықтан алдымен олардың мәртебесін заң жүзінде анықтап алуымыз керек, содан кейін ғана осындай жағдайлардың алдын алатын нақты шаралар қолдануға болады" деді министр. Балаеваның айтуынша, қазір ол басқаратын мекеме "жаңа бұқаралық коммуникация құралдарының пайда болуына байланысты БАҚ туралы жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр".
25 мамырда "Әділ сөз" қоры министрлік "заңды журналистерден жасырын дайындап жатыр" деп, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу жоспарына қатысты алаңдаушылық білдірді.