Қазақ-қырғыз шекарасында тағы көлік кептелісі пайда болды. Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, 27 мамыр күні таңертең "Ақ тілек" өткізу бекетінде кезекте тұрған көліктер саны 80-ге жуықтаған.
Жүргізушілер Азаттықтың Қырғыз қызметіне бірнеше тәуліктен бері кезек күтіп тұрғандарын айтқан. Олардың сөзіне қарағанда шекараны кесіп өту үшін қажет ПТР тест тек 72 сағатқа жарамды. Сол себепті оның мерзімі өтіп кете ме деп те алаңдайды.
Қырғызстан шекара қызметі жиі қалыптасатын көлік кептелісін жүк көлемінің артуы мен экономикалық белсенділіктің артуымен байланыстырады.
Қырғызстаннан Қазақстанға және сол арқылы ТМД елдері мен Еуропаға негізінен тез бұзылатын тағам өнімдері жіберіледі.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстан тарабы Қазақстан мен эпидемиологиялық ахуалы тұрақты 33 ел азаматтары мен жүк тасымалдаушыларына шектеу қойып отырған жоқ. Қазақстанмен шекарадағы өзге кеден бекеттерінде кезек байқалмаған.
Қазақстан жағы әзірге көлік кептелісіне байланысты түсініктеме бермеді.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көлік кептелісі жиі пайда болады. Кей кезде кезектің ұзындығы бірнеше шақырымға созылып кетеді. Шекарада бақылаудың күшеюі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дауға жиі негіз болады. Осыған дейін дау Дүниежүзілік сауда ұйымына да жеткен.
Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше, ұйым мүшелері арасында еркін тауар тасымалдау туралы келісім бар. Ал іс жүзінде оған мүше елдер бір-біріне шектеу шараларын қолданып келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Қордайда - «Еуропаның қақпасы»