1 маусымда Нұр-Сұлтан қалалық апелляциялық сот алқасы атыраулық азаматтық белсенді Макс Боқаевтың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа және мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге қарсы арызын қанағаттандырмай тастады.
Судья Рамазанова апелляциялық шешімнің бірден күшіне енетінін және Боқаевтың бұл шешім бойынша жоғарғы сот алқасына шағымдануға құқы бар екенін айтты.
Атыраулық белсенді Макс Боқаевтың айтуынша, мәжіліс пен сенат мақұлдап, президент Тоқаев қол қойған Қазақстандағы сайлау туралы заңға енгізілген 2018 жылғы өзгерістер мен толықтырулар өзінің және басқа азаматтардың жергілікті уәкілдік орган – мәслихатқа сайлану құқын бұзады.
- 1995 жылғы "Сайлау туралы" заңға сәйкес мәслихатқа сайлауға түсуге мүмкіндік бар еді. Мен өтпесем де, 2016 жылы өз кандидатурамды ұсындым. Енді бұл мүмкіндіктен айырылдық. Мәслихат сайлауына қатысу үшін [ресми тіркелген] алты саяси партияның бірінің мүшесі болуың керек. Мәселен, маған ол партияның бірі де ұнамайды. Бір сөзбен айтқанда біздің ешқандай сайлауға қатысуға құқығымыз жоқ, - дейді Боқаев.
Судья Рамазанованың айтуынша, Боқаевтың шағымында нақты дәлел келтірілмеген:
- Президент, сенат пен мәжіліс төрағалары әрбір заң актісін өздігінен қабылдаған жоқ, заң ұжымдық жолмен мақұлданған. Бұған қоса ол қабылдаған акті арызданушының жеке құқығын немесе заңдық мүддесін бұзған жоқ, - деді ол.
Мұның алдында, 26 сәуірде алғашқы инстанция – Есіл аудандық сотының судьясы Айгүл Аяпбергенова да белсендінің уәжін орынсыз деп тапқан. Судьяның тұжырымы бойынша, президенттің миссиясы – "мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындау, ел ішінде және халықаралық қатынаста Қазақстан атынан өкілдік ету". Судьяның айтуынша, сенат пен мәжіліс төрағаларының әрекетіне қарсы болу мүмкін емес, "себебі заңдар дауыс беру арқылы, ұжымдық жолмен қабылданады". Сондықтан, президенттің, парламент сенаты мен мәжілісі төрағаларының әрекеттері "сотта қарастыруға жатпайды".
- Судья Аяпбергенова қаулының соңына апелляциялық сот алқасына шағымдануыма құқым бар екенін жазған. Мен соны пайдаланып арыздандым, - дейді Боқаев.
Сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге қарсы арызды Боқаев биыл алғаш рет наурыздың соңында Атырау сотына берген. 1 сәуірде Атырау соты бірнеше себеппен, соның ішінде жауапкерлер Тоқаев, Әшімбаев, Нығматулиннің Нұр-Сұлтанда екенін айтып, талап-арызды кері қайтарған соң белсенділер астана сотына қайта арызданған.
Макс Боқаев 2016 жылғы "жер митингілері" кезінде республикаға танылған. Ол жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырған. Көп ұзамай екінші белсенді – Талғат Аян екеуі "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен қамауға алынып, бес жылға сотталған. Белсенділер "істің саяси астары бар" деп санайды.
Талғат Аян 2018 жылы түрмеден уақытынан бұрын босап шықты. Ал Боқаев кесілген мерзімді толық өтеп, биыл ақпанда бостандық алды. Бірақ оған қазір көп шектеулер қойылған.