Оралда Қарабақтағы жағдайды реттеуге қатысқандар "соғыс ардагері" мәртебесін беруді талап етті

Облыстық әскери комиссия алдында жиналған топ. 7 маусым 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында 1980 жылы Әзербайжан мен Қарабақтағы қақтығысты реттеуге қатысқан 40-тан астам адам өздерін "соғыс ардагері" ретінде танып, сәйкесінше жеңілдіктер мен жәрдемақы төлеуді талап етті. Жиналғандар бір жылдан бері ардагер мәртебесін алуға күш салғанын, бірақ талаптары орындалмағанын жеткізді.

Күндізгі сағат үш шамасында Орал орталығындағы облыстық әскери бөлімге жиналғандар әскери комиссармен кездескісі келген. Бірақ комиссар шыққан жоқ. Бұдан соң олар облыс әкімдігіне барды.

– Мен екі ай бойы Әзербайжанда қақтығыс аймағында болдым. Қолымызда барлық құжат бар: анықтамалар, тізімдер, жіберу туралы бұйрықтар, бірақ әскери комиссия бізді соғыс ардагері деп танымайды, себебі құжаттарда Таулы Қарабақ деген нақты жазу жоқ. Енді Қарабақта ғана соғыс болған жоқ қой, сол жаққа ғана әскер жіберілген жоқ. Бізге жәрдемақы, жеңілдіктер берілуі қажет деген президент жарлығының шыққанына бір жыл бір ай бір күн толды, әлі күнге дейін соған қол жеткізе алмай келеміз, – деді жиналғандардың бірі Қалыш Ғабдуалиев.

Оның сөзіне қарағанда облыста Армения мен Әзербайжан арасында 1988-1990 жылдары болған қақтығысты реттеуге қатысқан шамамен жүз адам бар. Соғыс ардагері мәртебесі бірнеше адамға ғана берілген.

Акцияға қатысушылар "Нұр Отан" партиясы бөлімшесі алдында талаптарын айтты. Оларға облыс әкімдігі, әскери комиссия мен партия өкілдері шықты.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алдағы жарты айда мәселені шешетінін айтты.

– Егер шынымен де заңбұзушылық анықталса, қызметтік тексеріс болады және кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылады, – деді Нарымбетов.

Жиналғандар президенттің атына ұжымдық хат жазып, мәселені реттеуге көмектесуін сұрады. Олардың заңгері Мақсат Айсауытов сотқа шағым түсірді. Заңгер әзірге процесс басталмағанын айтты.

Армяндар мен әзербайжандар арасында Таулы Қарабақ үшін соғыс ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Соңғы рет былтыр күзде Таулы Қарабақта жағдай қайта ушықты.