Мәскеуде алқабилер соты көпшілік дауыспен Дағыстанның үкімет басшысы болған Мұхтар Межидовтің ұлы Муртузалы Межидовті ақтап алды. Ол 2018 жылы МГИМО студенті, қазақстандық Томирис Байсафаның өліміне байланысты ұсталған болатын.
Муртузалы Межидовтың адвокаты Шамиль Яндарбаев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында оны сот залынан босатты деп хабарлады.
21 жастағы МГИМО студенті Байсафа 2018 жылдың көктемінде оқу орнының төртінші қабатындағы терезеден құлап, 3 мамырда ауруханада көз жұмды. Оқу орнының баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты "Өзін өлтіруге жеткізу" бабы бойынша іс қозғалды деп мәлімдеген. Бірақ университетте оқитын студенттің бірі қызды терезеден итеріп жібергенін айтқан.
Муртузалы Межидов марқұмның курстасы болған. Кей ақпаратқа қарағанда, екеуі кездесіп жүрген. Қыздың қазасынан соң полиция Муртузалыны күдікті ретінде ұстады.
Сол кезде марқұмның шешесі Жанна Ахметова инстаграм парақшасы арқылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ресей президенті әкімшілігіне және Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинге алғыс білдірген.
"Біздің президент бұл өмірде бәрі сатыла бермейтінін көрсетті. Елдің бірінші тұлғасы қарапайым адамдардың өтінішіне жауап берді. Бұл үлкен сый-құрметке лайық! Рақмет, президент!" деп жазған.
Томирис Байсафаның өлімінен кейін Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі ресейлік әріптесіне істі бақылауға алуын сұраған.