Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 6,3 пайызға қымбаттаған. Бағасы қатты өскен азық-түлік өнімдерінің тізімінде алдыңғы орындарда сәбіз (145%), картоп (138%), шемішке майы (116%), пияз (110%), қант (109%), қарақұмық (107%) тұр.
Қымбатшылық әсіресе Түркістан облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қатты байқалған. Бұл туралы бейсенбі күні үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.
Елде картоп және сәбіздің тапшылығы сезіліп жатқанын айтқан министр ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқару органдары жыл сайын қайталанатын құбылыспен дұрыс күреспей отырғанын жеткізді.
Мысалы, елде картоптың тауарлы өндірісі 1,9 млн тоннаны (жалпы өнім көлемінің 47 пайызы) құрайды. Оның 19 пайызы экспортқа кетеді. Бұл картоп тапшылығына апарады дейді министр.
"Былтыр 360 мың тонна картоп экспортқа шығарылып, рекордтық көрсеткішке жетті. Осылайша картоп экспортының үлесі тауарлы өндірістің 19 пайызын құрады. Соның салдарынан дүкендерде картоп тапшылығы пайда болды. Тапшылық сәйкесінше маусымаралық кезеңде картопты импорттау қажеттілігін тудырады. Бұл нәрсе жыл сайын қайталанады. Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігі, атқару органдары аталған проблеманы жою үшін қажетті шаралар қолданып отырған жоқ. Былтыр картоп экспортына тыйым салғаннан кейін бағаны тұрақтандыра алдық" деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, отандық өнімдерді төмен бағамен экспортқа шығару жыл басынан бері өнім қорын үш рет азайтып жіберген. Оны толтыру үшін осы уақыт аралығында Иран және Пәкістаннан 28 мың тонна – отандық өнімнен үш есе қымбат картоп импортталған. Министр әкімдіктерді ішкі нарықтағы картоп сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр деп кінәлады. Тұрақтандыру қорларына да картоптың жеткілікті қоры сатып алынбаған.
"Сәбіз бойынша жағдай онан да күрделі. Қазір отандық өнімнің қоры былтырмен салыстырғанда 5,3 пайызға азайған" деді Сұлтанов.
Осыған орай сауда министрі ауыл шаруашылығы министрлігіне тез арада импорт, экспорт, өндіріс, қор көлемі мен азық-түлік өнімдерінің балансы бойынша болжам әзірлеу қажеттігін тапсыруды ұсынды. Ол әкімдіктер "форвардық келісімге" (сатып алушы мен сатушы арасында белгілі бір өнімді алу жөнінде жасалатын алдын ала келісім) жұмсалатын қаржы көлемін 10 млрд теңгеге дейін жеткізуі тиіс, ал "айналым схемасына" (сауда желілері бағаны ұстап тұруға тырысып, есесіне несие алуда жеңілдікке ие болады) 50 млрд теңге бөлуі тиіс деді.
Бұған дейін елде сәбіз бен картоп бағасының килограмы 400-500 теңгеге жеткені хабарланған еді.
Қарай отырыңыз: Қазақстанда көкөніс бағасы шарықтап барады. Неге? (Маусым, 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5