Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының "Қазақстандағы университеттер кімнің меншігі?" атты зерттеуін көргенін, бірақ оған қатысты қандай да бір пікір я баға бере алмайтынын айтты.
"Жасырмаймын, ол видеоны (Азаттықтың зерттеуін – ред.) көрдім... БАҚ-та зерттеу материалдардың шыққаны қуантады. Оған қарсы ештеңе айта алмаймын. Ал реакцияға келсек, бұл университеттер бұрын құрылған, бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қандай да бір пікір білдіріп, баға бере алмаймын. Бастысы, біз университеттің құрылтайшысына емес, ондағы білім беруге, білім сапасына қарауымыз керек. Білім саласына инвестиция келгенін қалаймыз. Балабақша, мектеп, колледж және университет ашсын. Бірақ біз үшін бастысы білім беру жоғары стандарттарға сай келуі керек деді" Аймағамбетов 11 маусымдағы брифингте.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық радиосының зерттеуінде Қазақстандағы 130-ға жуық университеттің басым бөлігі ұзақ жыл билікте жүргендердің, экс-министрлердің өздеріне және олардың туыстарына тиесілі екені айтылады.
Мәселен, Азаттық тілшісі білім және ғылым министрі болған, қазір сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловтың әйелі Валентина Жұмағұлованың, ұлы Руслан Жұмағұловтың атында университет және колледж барын анықтаған.
Бұдан бөлек, Манас Қайыртайұлы білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеген Серік Пірәлиевтің отбасына 20-ға жуық оқу орны тиесілі екенін; Қазақ ұлттық аграрлық университеті ректоры Тілектес Есболовтың ұл-қыздарында университеттер мен колледждер барын; Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың әйелінде, қызында университет пен колледж барын анықтады.
Зерттеуде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары Дариға мен Динарада да университет бары айтылады. Азаттық анықтағандай, бұрын президент істері басқармасын басқарған Болат Өтемұратов Алматыдағы Нархоз экономикалық университетін сатып алған. Ал Назарбаевтың жақын серігі Мақсұт Нәрікбаев елдегі мемлекеттік заң университетінің акциясын иеленген.