Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы парламенттің ресми сайты хабарлады.
Қаулыға сай, парламенттің бірлескен отырысы 21 маусымда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 10.00-де басталады. Күн тәртібінде нендей мәселе қаралатыны белгісіз. Қаулыда ол жөнінде ештеңе айтылмаған. Азаттық тілшісі мәжілістің баспасөз қызметінен әзірге жауап ала алмады.
Былтыр депутаттар демалысқа 30 маусымда кеткен. Парламент сессиясы қос палатаның бірлескен отырысында жабылған.
Қазіргі мәжілістің құрамы қаңтар айында өткен парламент сайлауынан кейін бекітілген. Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамастан саяси ықпалын жоғалтпаған Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр Отан" партиясы мәжілістегі орындардың басым бөлігін (76 мандат) иеленді. Билікшіл "Ақ жол" - 12, "Қазақстанның коммунистік партиясы" 10 орын алды. Сайлауға бірде-бір оппозициялық партия қатыстырылған жоқ.
ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Ал билік сайлау әділ өтті деп санайды.