Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күйеубаласы Ойбек Турсунов бюджет қаржысына Montblanc кеңсе заттарын алған. Ол бұл заттарға 51 млн сом (6222 доллар) жұмсаған. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне түскен құжатта көрсетілген.
Сатып алу келісім-шартына сай, Montblanc жабдықтарына жұмыс үстеліне қоятын заттар, пресс-папье, қалам салғыш, шарик қаламдар, жай қаламдар, фоторамкалар кіреді. Турсунов бұл заттарды 2018 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы алған.
Азаттықтың Өзбек қызметінің дерегінше, бұл уақытта Ойбек Турсунов Президент әкімшілігі қаржылық-шаруашылық департаменті мемлекеттік резиденцияларды басқару дирекциясының директоры болған. Турсуновтың бұл қызметі жайлы ақпарат ресми түрде айтылмады. Қазір ол бұл қызметті атқарар-атқармайтыны белгісіз.
Журналистер кеңсе заттары Montblanc компаниясынан тікелей алынбағанын, Ким Н.С. есімді "жеке кәсіпкерден" алғанын анықтаған.
Мирзияевтің екінші күйеубаласы – Отабек Умаров – президент қауіпсіздік қызметі жетекшісінің орынбасары қызметінде істейді.
Бұған дейін журналистер Отабек Умаровтың Tesla көлігімен түнде жүйткігенін және ережесіз жекпе-жекке қатысатын спортшының футболкасын 100 мың долларға сатып алғанын жазған.
Өзбекстанда президент уәдесіне қарамастан әлі күнге дейін шенеуніктердің табыс декларациясын жариялайтын заң қабылданған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оққағар, дипломат, кәсіпкер және миллиардер. Орталық Азиядағы 13 "күйеу бала"