Ресейде заңсыз қызметтер жайлы чаттардан коронавирус вакцинасын салдырғаны жөнінде сертификатты сатып алуға болады. Сатып алушылардың аты-жөні вакцина алғандардың федералдық регистрінде тез арада пайда болады. "Бұл өте жылдам процесс, ең бастысы – уколсыз" деп жазды Baza сайты.
Басылым тілшісі Телеграмдағы "арнайы чатқа" сертификатты сатып алғысы келетіні жөнінде хабарлама қалдырған. Ондаған сатушы сұранысқа қызығушылық білдірген. Қызмет құны – 10-20 мың рубль.
Нағыз вакцина салдырған кездегідей, "жалған вакциналау" процедурасы да 21 күнге созылады. Біраз уақыт өткен соң сатып алушының мемлекеттік қызмет порталындағы жеке парақшасында вакцинаның екі дозасы салынды деген белгі пайда болады.
Журналистің сөзіне қарағанда, "вакцинаны" сатып алған күннің ертесінде "Мемлекеттік қызмет" порталында шынымен де "Спутник V" вакцинасының бірінші инъекциясын салдыртқаны жөнінде белгі мен бақылау күнделігі пайда болған. Сатушы сонымен бірге оның аты-жөнінің федералдық регистрге енгізілгені жөнінде скриншот жіберген. Baza-ның жазуынша, 2020 жылы желтоқан сайында құрылған регистрді денсаулық сақтау саласы мамандары толтыра алады.
Басылым тілшісі сатып алушы ретінде ондаған сертификат сатушысымен чат арқылы сөйлескен. Олардың бәрі бір схемамен жұмыс істейді. "Виртуалды" инъекция салу үшін сертифтикат сатушысы клиенттен төлқұжатының деректері мен жеке есепшотының сақтандыру нөмірін (СНИЛС) сұраған.
Ресей денсаулық сақтау министрлігі әзірге Baza-ның сұрақтарына жауап бермеген.
Мемлекеттік думаның ақпараттық саясат жөніндегі комитет жетекшісі Александр Хинштейн Телеграм-арнасында бас прокурор мен ішкі істер министріне вакцина сертификатын заңсыз саудалау жөнінде сұрау салғанын хабарлады. Депутат жазбаға Baza зерттеуін тіркеген.
Азаттықтың Орыс қызметінің жазуынша, Ресейде вакциналау науқаны Еуропа елдерімен салыстырғанда төрт есе баяу жүргізіліп жатыр. Әрбір оныншы ресейлік препараттың кемінде бірінші дозасын алған. Дегенмен елде нақты қанша адамға вакцина салынғаны жайлы мәлімет жоқ. 12 млн тұрғыны бар Мәскеуде күн сайын 6 мың адамға екпе егіледі.
Кейінгі кезде Ресейде коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. 15 маусымда 14 185 адамнан коронавирус анықталған.