Арменияда премьер-министр міндетін атқарушы Никол Пашинян кезектен тыс парламент сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдегеннен кейін негізгі оппозициялық блок сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтты.
Сайлау бюллетеньдерінің жартысынан астамы есептелгеннен кейін Никол Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы сайлаушылардың – 58,5 пайыз дауысын, ал бұрынғы президент Роберт Кочарянның блогы 18,8 пайыз дауыс алғаны хабарланды.
"Армения халқы "Азаматтық келісім" партиясына елді басқарып, мені премьер-министр ретінде қызмет етуге өкілет берді. Біз сөзсіз жеңіске жеттік және парламенттегі орындардың басым бөлігіне ие боламыз" деді Пашинян 21 маусымға қараған түні. Ол кешке қарай жақтастарын Еревандағы орталық алаңға баруға үндеді.
Көп ұзамай Кочарян блогы сайлаудағы заңбұзушылықтар толық анықталмайынша нәтижесін мойындамайтынын хабарлады.
"Сайлау учаскелерінен ұйымдасқан және жоспарлы түрде дауыс бұрмаланғаны жайлы жүздеген хабарлама сайлау нәтижесіне сенімсіздік тудырады" делінген блок мәлімдемесінде.
Сайлауалды әлеуметтік сауалнама Пашинян мен Кочарянның жаңадан құрған блогы арасында тартыстың қызу болатынын көрсеткен.
Кезектен тыс парламент сайлауы былтыр күзде алты аптаға созылған Таулы Қарабақ үшін соғыстан кейін туындаған саяси дағдарыспен тұспа-тұс келіп отыр. Соғыстан кейін Армения Әзербайжан жағына Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін қайтарған.
2018 жылы халық толқуы кезінде билікке келген Пашинянның беделі соғысқа дейін 60 пайыз болса, соғыстан кейін 24 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бірақ соған қарамастан сарапшылар Пашинян мыңдаған адамды әлі де соңынан ерте алатынын көрсетті деп санайды.
Сайлауға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 49,4 пайызы қатысқан. (Яғни, 2 593 572 адамның 1 281 174-і дауыс берген).
Заң бойынша, парламентке өту үшін партиялар кемінде – 5 пайыз, блоктар 7 пайыз дауыс жинау керек.
Дауыс беру кезінде партия өкілдері, бақылаушылар мен құқық қорғау органдары бірқатар заңбұзушылықтар болғанын хабарлады. Атап айтқанда, аймақтарда сайлаушыларды сатып алу, оларға қысым жасау, дауыс беру процедурасының сақталмауы сияқты заңсыздықтар тіркелген. Сайлаумен байланысты кемінде екі атыс болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей армян-әзербайжан шекарасын демаркациялау үшін бірлескен комиссия құруды ұсынды