Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "СК-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің сотында куәгер ретінде сөйлеп, компания басшысының кінәсі жоғын айтты. Бұл туралы Vlast сайты жазды. Берік Шәріпке екі бап бойынша айып тағылған: "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (361-бап, 4-тармақ 3-пункт) және "заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау" (287-бап 2-тармақ 3-4 пунктер).
Бұған дейін айыптау тарабы Берік Шәріп былтыр індет кезінде "бір реттік қорғаныш киімдерін сатып алу бойынша басқа тасымалдаушыларға қарағанда қымбатырақ баға ұсынып, соның өзінде өнімді уақытында жеткізбеген компанияға басымдық берді" деп айыптаған. Соның салдарынан елде қорғаныш киім тапшылығы туындап, нәтижесінде дәрігерлер жаппай коронавирусқа шалдыққан.
Бұрынғы министр айыптау тарабының айтқандарымен келіспей, былтыр қорғаныш киім тапшылығының туындауына "СК-Фармация" емес, Қытай тарабы кінәлі деп мәлімдеген.
– "CК-Фармация" мен Берік Шәріп тасымалдауды кешіктірген жоқ, қасақана әрекет етті деу мүлде қисынсыз. Бұл форс-мажор, Қытайдағы процестің кешіктірілуі. Қытай тарабы Қазақстанмен жасасқан келісім-шарттарды орындамады. Сәйкесінше, қазақстандық тарап "СК-Фармациядан" уақытында заттарды ала алмады. Бұл азаматтық-құқықтық қатынас, мұндай нәрселер болып тұрады, - деді Біртанов.
Оның айтуынша, "СК-Фармация" Қазақстанға тезірек тауарды жеткізуге тырысқан.
"Бұл жерде Берік Шәріптің жеке кінәсі жоқ. Керісінше, ол қорғаныш киімдерді мүмкіндігінше жылдам жеткізуге тырысты... Ол нендей қылмыс жасады, білмеймін. Оны адал қызметкер деп санаймын. Өзге әріптестер де сөзімді дәлелдей алады. Менің тарабымнан оған қысым жасалған жоқ. Маған жағу үшін біреуге қандай да бір басымдық берді дегеннен де ешқандай қисын көріп тұрған жоқпын. Маған сол кезде, қазір де тендерден кімнің ұтқаны-ұтатыны бәрібір" деді бұрынғы министр.
ҚазТАГ-тың жазуынша, Біртанов компанияның бұрынғы басшысы төтенше жағдай кезінде дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшы болғанына да кінәлі емес деген. Бұрынғы министрдің пікірінше, "СК-Фармацияның" мақсаты мен міндеті ауруханаларға дәрі-дәрмек сатып алу. Ал дәріханалардағы дәрілерге ол жауап бермейді.
"Бұл жеке нарық. Денсаулық сақтау министрлігі оны ешқашан бақылаған емес" деді ол.
Былтыр шілде айында елде коронавирус індеті өршіп тұрған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев "СК-Фармация" мен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басшыларын қызметінен алып, қажет болса тергеу жүргізуді тапсырған. Тоқаев сол кезде "СК-Фармация" төңірегінде "қандай да кландардың мүддесі бар" деп те айтқан.
Бұл іс бойынша алғашқы сот тыңдауы 21 сәуірде басталды. Ол кезде қорғау тарабы Берік Шәріпті үйқамаққа жіберуді сұраған, бірақ өтініші қанағаттандырылмаған.
Жергілікті ақпарат агенттіктердің хабарлауынша, Берік Шәріп "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айыпты мойындамаған, ал "заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау" бабы бойынша айыппен келіседі.
Былтыр көктемнің соңы мен жаз айларында індет өршіп, жұрт дәріханаларда дене қызуын төмендететін дәрі таппай қиналды. Ауруханаларда орын болмай, медицина қызметкерлеріне қатты салмақ түсті. Сол кезде кейбір жерде медицина қызметкерлеріне қорғаныш киімі жетпей, нәтижесінде олардың коронавирусқа шалдыққаны хабарланды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Біртановтың адвокаты "айғақ жинауға кедергі келтірген" министрліктің жазаланғанын айтты