20 маусымда өткен сайлаудың алғашқы нәтижесі бойынша, Пашинянның партиясы 53,9 пайыз, ал оның бас қарсыласы, бұрынғы президент Роберт Кочарянның "Армения" альянсы 21 пайыз дауыс алған.
"Армения халқы "Азаматтық келісім" партиясына елді басқаруға, маған премьер-министр болуға өкілет берді. Біз айқын жеңіске жеткенімізді, парламентте айқын басымдыққа ие болатынымызды біліп отырмыз" деді ол жақтастарын кешке таман Ереванның бас алаңына жиналуға шақыра отырып.
Сайлауға 21 партия, төрт саяси альянс түсті. ОСК мәліметінше, сайлауға дауыс беруге құқылы 2,6 миллион адамның 50 пайызға жуығы қатысқан.
Бизнесмен Гагик Царукянның "Гүлденген Армения" партиясы 3,96 пайыз, бұрынғы президент Серж Саргсянның альянсы 5,23 пайыз дауыс жинады. Бірақ екеуі де парламентке өтуге қажет межеден аса алмаған. Бұл меже партиялар үшін – 5 пайыз, альянстар үшін – 7 пайыз. Бірақ Армения заңы бойынша, парламентте кемі үш партия болуы қажет. Сол себепті үшінші орын алған партия не альянс жиған дауысының санына қарамастан парламентке өтеді.
Бұл жағдайда парламент мандатына Серж Саргсянның Республикалық партиясы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Артур Ванецянның "Отан" партиясынан құралған "Честь имею" альянсы ие болмақ.
Қалған партиялар 2 пайыздан төмен дауыс алған.
Үкімет жасақтау және премьер-министр қызметіне үміткер ұсыну құқығы парламенттегі көпшілікті құрайтын саяси күшке тиесілі. Заң бойынша, парламенттегі көпшілік атану үшін партияға не альянсқа мандаттың кемі 54 пайызы керек.
Төменгі межеден аса алмаған партиялардың дауысы парламентке өткен партиялар арасында үлестірілетіндіктен, Пашинянның партиясына мандаттың 54 пайызынан көбі бұйырмақ. Демек ол парламенттегі көпшілік атанады.
"ОСК жариялаған алдын ала сайлау нәтижесіне қарағанда, "Азаматтық келісім" партиясы жаңа сайланған парламентте конституциялық көпшілікті (105 депуттаттың кемі 71-і) құрап, мен жетекшілік ететін үкіметті жасақтайды" деп жазды Пашинян Twitter-де.
Арменияның сайлау туралы заңы бойынша, егер қандай да бір саяси күш дауыстың жартысынан астамын алса, қалған саяси күштердің мандаты жеңімпаз саяси күш мандатының үштен бірінен кем болмауы керек.
ЕКІ САЯСИ КҮШТІҢ АРАСЫНДА ӨТКЕН ТАРТЫС
Сайлауға ондаған партия қатысқанымен, негізгі күрес Пашинянның "Азаматтық келісімі" мен Кочатарянның "Армения" альянсы арасында болатыны мәлім болған. Алдын ала жасалған сауалнамалар, екі жаққа да 24 пайыз дауыс берген.
Сайлаудың алғашқы нәтижесі жарияланбас бұрын Пашинян партиясының 58 пайыз алғанын мәлімдеген. Оған жауап ретінде Кочатарян заңбұзушылықтар болды деп, сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтты.
"Сайлау учаскелерінен ұйымдасқан және жоспарлы түрде дауыс бұрмаланғаны жайлы жүздеген хабарлама сайлау нәтижесіне сенімсіздік тудырады" делінген альянс мәлімдемесінде.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Армения орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тигран Мукучян сайлаудың заңға сай өткенін мәлімдеген.
"Әрине, сайлау кезінде неше түрлі заңбұзушылықтар болады және оларды қарастыру керек. Бірақ жалпы алғанда, сайлау ұлттық заңнаманың нормаларына сай өтті" деп келтіреді агентті Мукучян сөзін.
Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келген бақылаушылар сайлау туралы бағасын 21 маусым күні кешірек бермек.
Биылғы сайлау бірнеше айға ұласқан саяси дағдарыс жағдайында өтті. Былтыр күзде Таулы Қарабақта Армения мен Әзербайжан күштері бір-бірін шабуылдап, арты алты апталық соғысқа ұласты. Қараша айында Ресейдің арағайындығымен Армения мен Әзербайжан бітім келісіміне қол қойып, ол бойынша Таулы Қарабақтың өзіндегі едәуір аумақ және оның айналасындағы бірқатар аудан Әзербайжан бақылауына өтті. Бұл жерлер 1990-жылдардың басындағы соғыстан бері Армения қолдауына сепаратистер қолында болған.
Алты апталық соғыс салдарынан алты мың адам қайтыс болды, ондаған мың адам үйін тастап, көшуге мәжбүр болды.
Арменияда Пашинянның бітім келісіміне қол қоюын жеңіліс деп қабылдап, жаппай толқу басталды. Көшеге шыққан наразы халық премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етті. Пашинян жауап ретінде Армениняның Түркия қолдауына ие Әзербайжаннан жеңілуінде кінәні бұрынғы басшылардан іздеу керек деді. Оның сөзінше, әскердің дайын болмауына, қорғаныс саласында жемқорлықтың жайылуына солар жауапты.
Бірақ наразылық басылмаған соң, Пашинян отставкаға кетіп, кезектен тыс парламент сайлауын жариялады да, өзі сол сайлау өткенше үкімет басшысы міндетін атқаратын болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Әскери төңкеріске талпыныс", Пашинян отставкасын талап ету. Арменияда не боп жатыр?Әлиевтің беделін өсіріп, мерейін асқақтатқан Қарабақ соғысыӘзербайжанда туыстары жоғалған сарбаздардың өлі-тірісін біле алмай дал