Алматыда бір адамнан коронавирустың "үндістандық штамы" анықталды

Көрнекі сурет.

Алматыда бір адамнан коронавирустың "үндістандық штамы" анықталды. Бұл туралы 23 маусым күнгі брифинг кезінде қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады. Оның айтуынша, нәтижесі оң шыққан ПТР-тестерді тексерген кезде басым бөлігінен вирус мутациясы (британдық, оңтүстікафрикалық, нью-йорктік) анықталған.

"84 жылғы К. есімді әйелден анықталды. Біз онымен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығын есепке алдық. Олардың бәрі оқшауланды. Бұл отбасында үш адам бар. Жеті жасар қызының ПТР-тесті теріс шықты. Күйеуі ары-бері көп жүретін мамандық иесі, бірақ ол ақпан айында ауырып шыққан. Сонда да қазір бақылауда. Дегенмен оның жұмыс орнын ескерттік" деді Бекшин сәрсенбі күнгі брифингте.

Оның айтуынша, нәтижесі оң шыққан ПТР-тестерді тексеріп шыққан кезде 89 пайызынан вирус мутациясы анықталған.

"12-19 маусым аралығында мутацияланған штамдардың айналымын анықтау үшін ПТР-диагностика жүргіздік. 53 зерттеудің 44-інен - британдық штамм, екеуінен – оңтүстікафрикалық, біреуінен нью-йорктік штамм анықталды. Қалған 11 пайызында вирус мутациясы анықталмады" деді Бекшин.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың "үндістандық штамына ұқсайтын" мутация анықталды, зерттеу жүргізіліп жатыр деп мәлімдеген. Соған байланысты елде карантин күшеюі мүмкін екені де ескертілген.

22 маусымда Нұр-Сұлтан әкімдігі астанада қосымша тексеру нәтижелері "үндістандық штамм" барын көрсетті деп мәлімдеген. Сейсенбі күні қалада карантинді күшейту туралы шешім қабылданды. Ведомствоаралық комиссияның отырысы да өтіп, елде қызмет көрсету саласында істейтін компаниялар мен ірі мекеме қызметкерлеріне вакцина міндетті болатыны белгілі болды.

Коронавирустың үндістандық штамы SARS-CoV-2 вирусының төртінші нұсқасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ғаламдық деңгейде алаңдаушылық тудыратын штамдар тізіміне енгізген. Бұл тізімге вирустың тез жұғатын, ауруды асқындырып жіберетін және вакцина мен дәрі-дәрмекке бой бермейтін түрлері енген. Үндістандық штамм 70-тен астам елде анықталған. Бұған дейін аталған штамның Қазақстан көршісі Ресейде де анықталғаны хабарланған еді.