Нұр-Сұлтанда күндіз "Бәйтерек" монументінің алдына тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы мен 1990-жылдары ауған-тәжік шекарасында әскери қызмет атқарған ардагерлер жиналып, қорғаныс және әділет министрлерінің отставкасын талап етті.
Бұрынғы әскерилер елде совет кезінде Таулы Қарабақтағы жанжал аймағында бітімгерлік күштер қатарында қызмет атқарғандардың, Ауғанстандағы соғысқа қатысқандардың әлеуметтік жағдайының күрделі екенін алға тартып, мемлекет оларды барынша қолдауы тиіс деді. Наразылар сонымен бірге көп балалы әйелдер мәселесін де көтерді.
- Біріншіден, көп балалы әйелдерді қолдау керек. Бізде аналарға тиын-тебен төлейді. Бұл күлкілі нәрсе. Пайдалы қазбалары жоқ Беларусьтің өзінде аналарға теңгеге шаққанда 4 млн теңгеден қаржылай көмек береді. Ал оған қарағанда әлдеқайда бай Қазақстан аналарды дұрыс қолдамайды. Біздің ұлттық қауіпсіздігіміз балаларға тәуелді. Халық саны аз болса, бізді жаулап алады. Қазірдің өзінде көршілеріміз территориялық претензия қоя бастады. Аналарға баспана, пәтер, жер учаскесі берілсін. Бала ол болашақ армия. Жалғызбасты аналарды, мүгедектерді қорғау керек. Соғыс ардагерлерінің мәселесі шешілсін, – деді 1990-жылдары ауған-тәжік шекарасында әскери қызмет атқарған ардагерлер ұйымының өкілі Мұрат Мұхаметжанов.
Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясын құру жөніндегі бастама жетекшісі, бұрынғы "Нұр Отан" мүшесі Нұржан Әлтаев әділет министрлігінің партияны "түрлі сылтаулармен" тіркемей отырғанын айтып, билікті кінәлады.
– Біз саяси партияларды тіркеуді, азаматтардың еркін бірігуіне жол беруді талап етеміз, – деді Нұржан Әлтаев. Ол елдегі парламент пен сот жүйесінің жұмысын сынап, "билікке қанша рет келіссөзге отырайық деп ұсындық, бірақ билік тыңдамай отыр" деп мәлімдеді. Әлтаевтың айтуынша, олар әділет министрлігіне партияны тіркеу туралы 11 өтініш берген. Бірақ әзірге партия тіркелмеген.
Есіл ауданының прокуроры келіп, жиналғандарға шараның "заңсыз" екенін ескертті. Бірақ жиналғандар тарамады.
Наразыларға қорғаныс министрлігінің полковнигі Сәкен Жүсіпов келіп, наразы ардагерлердің мәселесі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге шешіледі деген. Кейін тағы бір министрлік өкілі келіп, ардагерлердің мәселесін тыңдауға дайын екенін жеткізген.
Біраз уақыттан соң наразылар әділет министрі Марат Бекетаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасын талап етті. Олар сол жерден үкімет үйлеріне қарай шерулетіп жүре бастады.
Министрлікке қарай бет алған ондаған адам "Бекетаевты отставкаға!", "Саяси реформалар керек!", "Қазақстан халқына қолайлы өмір!" деген сияқты ұрандар айтты.
Полиция қызметкерлері оқиғаны сырттай бақылады. Жан-жақта митинг кезінде адамдарды ұстап, алып кететін автобустар байқалды.
Министрлер үйіне жеткен наразы топ "Бәйтеректегідей" ол жақта да шеңбер жасап тұрған. Мұнда олардың наразылығына бірнеше көп балалы әйел, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп жүрген белсенділер қосылған. Кейбір белсенділер саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, айқайлады.
Бір күн бұрын құқық қорғау органдары Нұржан Әлтаевқа митинг өткізбеу туралы ескерту тапсырған. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұр. 25 маусымда Нұржан Әлтаев Азаттық тілшісіне "рұқсат бермесе де, өз пікірімізді жеткізу үшін митингіге амалсыз шықтық" деді.
Былтыр жылдың соңында мәжіліс мандатынан айырылып, "Нұр Отаннан" қуылғаннан кейін жеке партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев партияны ресми түрде тіркете алмай жүргенін бұған дейін де мәлімдеген. Әділет министрі Марат Бекетаев қаңтар айында "егер олар біз көрсеткен қатені жойса, өтінішін қабылдаймыз" деп айтқан.
Нұржан Әлтаев наурызда елдегі оппозициялық күштердің "үйлестіру кеңесін" құру жөнінде бастама көтерген. Бірақ кейбір белсенділер оның билікке шын оппонент екеніне күмән келтіріп, кеңестің құрамына қосылмайтынын айтқан. Оның бастамасымен ұйымдастырылған шараларда билікке сын айтылғанмен оппозиция мен белсенділердің қудалануы, жемқорлық сияқты өткір мәселелер ашық қызу талқыланбайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Депутат Әлтаев "партия беделіне нұқсан келтіргені" үшін "Нұр Отаннан" шығарылды ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оралда Қарабақтағы жағдайды реттеуге қатысқандар "соғыс ардагері" мәртебесін беруді талап етті