23 маусымда өзге белсенділермен бірге аштық жариялаған Маруа Ескендірованың денсаулығы жексенбі күні нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Дәрігерлер оның асқазан жарасы ауруының асқынып кеткенін анықтаған.
— Менде асқазан жарасы бар, аштықтың салдарынан ауруым асқынып кетті. Дәрігерлер ауруханаға жатқызамыз деді, бірақ мен бас тарттым. Себебі, аштықты жалғастырғым келді. Бірақ біздің белсенділер де мұның қауіпті екенін айтып, аштықты тоқтатуға көндірді, — деді Маруа Ескендірова Азаттық тілшісіне.
Ескендірованың орнына аштықты белсенді Орынбай Оқасов жалғастырып жатыр. Ол Ескендірованың тамақ ішіп, емделуі үшін сондай шешім қабылдаған.
Өткен аптада Орал, Шымкент пен Түркістан облысында бірқатар белсенді 20 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда басталған аштық акциясына қосылған еді. Наразылар Нұр-Сұлтан сотының "Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімінің күшін жоюды, қудаланған белсенділерді босатуды талап етеді. Олар сонымен бірге сот шешімдерін жариялап, оларға құқықтық баға беруді сұрайды.
27 маусымда Түркістан облысы Төле би ауданы Ұзынарық ауылында аштық жариялаған бес белсендінің екеуінің денсаулығы нашарлады.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан билігі шетелге қашқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен тіркелмеген "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған. Бас прокуратура "Көше партиясы" ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды. Ал "Көше партиясының" белсенділері өздерін "тәуелсізбіз" дейді. Оларға шыққан сот шешімдері жарияланған жоқ. Бірақ Еуропарламент аталған екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қозғалыс жақтастары билік өздерін саяси себеппен қудалап отыр деп санайды, себебі аталған екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқару жүйесін жойып, парламенттік жүйеге өтуді көздейді.
Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" аталған қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, қарардың қабылданғанына бірнеше ай болса да, Нұр-Сұлтан бұл бағытта ешқандай қадам жасамаған. Ал белсенділерді қудалау жалғасып жатыр. Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, "Көше партиясы" мен ҚДТ-ға қатысы бар деп айыпталғандар 300 адамға жетуі мүмкін. Бірақ олардың нақты саны белгісіз.