29 маусымда Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік соты белсенді Айжан Әбенованы "бейбіт жиындарды өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыптап, 15 тәулікке қамады. Шешімді судья Эльвира Ищанова шығарды.
54 жастағы белсендіге "биылғы сәуірде жер реформасына қарсы наразылық ретінде бүкіл қазақстандық шеру өтетіні туралы ақпарат таратты" деген айып тағылды. Шешімді судья Эльвира Ищанова шығарды.
Әбенова сотта айыбын мойындаған жоқ. Ол өзінің ешқандай шеруді ұйымдастырмағанын, тек өзіне келген ақпаратты бөліскенін айтты.
Ал тағы бір белсенді Нұрлан Алтынбаев бүгін, 29 мауым таңертеңнен бері есігінің алдын күзеткен полицейлердің кесірінен үйден шыға алмай отырғанын айтып, Facebook желісіне видео таратты. Белсендінің үйіне Азаттық тілшісі келгенде журналистерді көрген полиция көлігі шұғыл жүріп кетті.
- Бұл – бірінші рет болып отырған жағдай емес. Еуропарламент резолюция қабылдағанымен, оны біздің билік мойындамайды. Оған жәй қағаз ретінде қарап келеді. Бізді қорқытып осылай үйде қамайды, - деді ол Нұрлан Алтынбаев Азаттыққа.
28 маусымда полиция тағы екі белсенді Марат Мұсабаев пен Қайыргелді Нұрғалиевті бірін көшеден, екіншісін үйінен алып кеткен. Артынша Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 14 маусымда АҚШ елшілігі алдында қамаудағы белсенділерді босатуды талап еткен "заңсыз" акцияға қатысқаны үшін Нұрғалиевті – 15 тәулік, Мұсабаевты 20 тәулік абақтыға қамаған. Сот оларды Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы бойынша "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" айыпты деп тапты.
Белсенділер бұл қудалуларды Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының лидері, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың 6 шілдеге (Астана күні, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні) белгілеген митинг-монстрациямен байланыстырады.
Қазір елде ондаған белсенді ҚДТ жұмысына араласты деп істе болып жатыр. 14 маусымда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталғандарға араша сұрап, АҚШ елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген еді. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Шымкент, Өскеменде белсенділер ҚДТ, "Көше партиясы" қозғалыстарын экстремистік деп таныған Есіл аудандық сотының шешімінің күшін жоюды, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, аштық жариялап жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан облысында аштық жариялаған белсенділердің хәлі нашарлап, жедел жәрдем шақырылды