Өзбекстан шекарасын бұзған 47 ауған азаматы еліне қайтарылды

Ауғанстанның солтүстігіндегі ауған-өзбек достығына арналған көпір.

27 маусымда Ауғанстан шекара әскері мен халық жасағының 44 сарбазы Өзбекстанның мемлекеттік шекарасын бұзған.

Бір күн бұрын шекараның дәл осы жерінен көрші елдің үш азаматы Өзбекстанға өткен. Ауғанстанның барлық азаматы еліне қайтарылды.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, "өзбек аумағына заңсыз өтуге талпынғандар қатаң жазаланады".

Өзбек дипломаттары Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісіп бара жатқанына алаңдап, жауласушы тараптарды бейбіт халыққа қарсы күш қолданбауға шақырды.

Бұған дейін хабарланғандай, 23 маусымда ауған әскері мен халық жасағының 53 жауынгері Шортепа уезінен Өзбекстанға өткен. Өзбек билігі оларды кері қайтарған.

Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов 28 маусымда Ташкентте өткен брифингте Ауғанстан азаматтары сенбі және жексенбі күндері өзбекстан шекарасын тағы бұзғанын растады.

Бұған дейін 200-ге жуық ауған әскерінің тәліптер шабуылынан бас сауғалап, Тәжікстан мен Өзбекстанға өтіп кеткені хабарланған еді. Кейінгі апталарда Талибан әскери тобы шекараға жақын ондаған ауданды бақылауына алып, Орталық Азия елдерінің шекарасына жақындаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талибан содырлары Орталық Азия шекарасына келді