Министрлік вакцина салдырған студенттер мен оқытушыларға жеңілдік жасалатынын хабарлады

Вакцина салдырту үшін кезекке тұрған халық. Нұр-Сұлтан, сәуір айы 2021 жыл.

Қазақстанда вакцина салдырған студенттер оқу кезінде және жатақхана ақшасын төлеген кезде жеңілдікке ие болады. Сейсенбі күні білім және ғылым министрлігі ресми сайында осылай деп хабарлады. Тек студенттер ғана емес, оқытушылар да "материалдық ынтыландыруға ие болады".

Министрліктің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, коронавирусқа қарсы вакцина салдырған студенттер оқу, жатақханаға тұру кезінде жеңілдіктерге ие болып, түрлі сыйлықтар ала алады. Сауықтыру шипажайларына тегін жолдама, тегін тамақтану мен қоғамдық көлікті пайдалану талондарына ие болады. Бірқатар оқу орындарында аталған акция басталып та кеткен.

"Сонымен бірге жоғары оқу орындары вакцина салдырған студенттер үшін шет тілдері, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын тегін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар екпе салдырған кейбір университеттердің студенттері фитнес залдарына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және концерттерге тегін бара алады" делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство тек студенттер ғана емес, оқытушыларға да жеңілдіктер қарастырылатынын айтып отыр. Вакцина салдырған оқытушылар қосымша ақы немесе ақылы демалыс алады.

Қазақстанда өткен аптадан бастап коронавирусқа қарсы вакцинаға халық ынтасын ояту үшін ірі вакцина пунктерінде көлік, пәтер ойнатыла бастаған. Осы аптада Нұр-Сұлтанда екпе пунктерінде 20 айфон телефоны ойнатыла бастағаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі күні елде вакциналау қарқыны күшейді деп мәлімдеді. Соңғы мәлімет бойынша, елде 3 млн 246 мың адам (халықтың 16,7%) вакцинаның бірінші дозасын алған. 1 млн 954 мың адамға вакцинаның екі дозасы салынған. Жалпы 5,2 млн доза пайдаланылған.

Бірақ соған қарамастан елде коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Ресми мәлімет бойынша, өткен аптамен салыстырғанда науқастар 39 пайызға көбейген. Билік вирустың күшеюін елде "үндістандық штамның" таралуымен түсіндіреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда бір адамнан коронавирустың "үндістандық штамы" анықталды