Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 29 маусымда Ашғабатта "Арқадағ" қонақ үйінің ашылу салтанатына қатысты. Елде экономикалық дағдарыс тереңдей түскен уақытта түркімен билігі қымбат ғимарат құрылысын аяқтады.
Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, қонақ үйді Ашғабат қаласы әкімдігінің тапсырмасымен Bouygues Batiment International француз құрылыс компаниясы тұрғызған.
Қонақ үй президент Бердімұхамедовтің ресми атағы - "Арқадағ" (қолдаушы) деп аталды. Қымбат ғимарат ашылған күні Бердімұхамедов 64 жасқа толды.
Қонақ үйде 14 қабат бар, ғимараттың биіктігі 77 метр.
Бердімұхамедов Түркіменстанды 14 жылдан бері басқарып отыр. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары оны авторитаризм орнатып, адам құқықтарын аяққа таптады деп айыптап отыр.
Астанада зәулім қонақ үй ашылған уақытта түркімен халқы экономикалық ауыр дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Елде азық-түлік тапшы, баға қымбат.
Бақылаушылардың айтуынша, Түркіменстанда бас көтерген қымбат қонақ үйлердің дені бос тұр. Жабық Түркіменстанға шетел туристері келмейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстан шенеуніктеріне президент әкесінің құрметіне шашын алып, тақия киіп жүру міндеттелді