Ресей билігі пандемия басталғаннан бері елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында бесінші күн қатарынан ең көп өлім-жітім тіркелгенін хабарлады. Елде бір күнде осындай диагноз қойылған 697 адам қайтыс болған. Аурудың таралуына қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың статистикасы бойынша, вирус жұққаны анықталғандар саны да ең жоғары деңгейде қалып отыр.
Бір күнде 24 439 адамның анализінен коронавирус анықталған. 17 899 адам дерттен айыққан. 395 120 науқас дәрігерлердің бақылау тізімінде тұр, бұл көрсеткіш маусым айының басынан тоқтаусыз өсіп келеді.
Пандемия басталғаннан бері билік елде 5 585 799 адамға Covid-19 жұққанын және коронавирустың жаңа түрінен 137 262 адам қайтыс болғанын хабарлады. Бірақ демографтар мен денсаулық сақтау мамандары бұл болжалды бағалауға сын айтып отыр. Жоғары лауазымды шенеуніктер шындығында науқас саны бұдан бірнеше есе артық болуы мүмкін екенін мойындаған еді. Росстат статистикасына сүйене отырып, демографтар Covid-19 кесірінен болған өлім-жітімді 2021 жылдың мамырында-ақ (билік дерегінен) үш есе жоғары деп бағалаған.
Жарты жыл бұрын Ресей билігі пандемияға қарсы күресте жеңіске жеттік деп мәлімдесе, президент Владимир Путин былтыр маусымда билік ресейліктерді аурудан сақтай алды деген болатын. Ресей – 2020 жылдың тамызында – әлемде бірінші болып коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцинаны тіркеді.
Алайда вакцинация науқаны сәтсіздікке ұшырады, елдегі иммундалған азаматтардың саны (пайызбен алғанда) Батыс елдерімен салыстырғанда бірнеше есе аз. Бұл аурудың жаңа – соның ішінде жұғу қатері күштірек және ағзаға қауіпті инфекциялы – штамдарының тарауына жол ашады.
Ресей астанасының коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабының мәліметіне қарағанда, бір ғана Мәскеуде кейінгі екі аптада өкпені жасанды әдіспен желдету жабдығы бар бөлімшелерде емделіп жатқан науқас саны бір жарым есеге артқан. Билік халықтың бір бөлігін мәжбүрлі вакцинациялауды енгізіп, металлургия компанияларынан ауруханаларға оттек сұрап жатыр, тіпті Словакиядан ол елде қолданылмаған "Спутник" вакцинасын кері сатып алып жатыр.