Қазақстандықтардың көбі коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, кейбірі жұмыссыз қалмау үшін (билік компаниялар мен ұйымдардан вакцина салдырмаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеуді талап еткен) заңды айналып өтіп, вакцинация паспортын сатып алып жатқанда алматылық Анар Қарабаева дәрігерлердің қателігінен туған мәселені шеше алмай жүр. Анарға вакцинаның бірінші компонентін екі рет (алғашқысын қағаз жүзінде) салған. Шенеуніктер бұл қателікті деректердің базаға дұрыс енгізілмеуінен дейді, ал сарапшы вакцина салғызбаған азаматтарды тіркеу мәселесін жоғарыдан жасалған қысымнан көреді.
"МЕНІҢ АТЫМНАН САУАЛНАМА ТОЛТЫРҒАН"
Алматы тұрғыны Анар Қарабаева студент қызымен бірге вакцина салғызбақ болып, 28 маусым күні №3 емханаға қарайтын вакцинация пунктіне барған. Анар Алатау ауданындағы № 29 емханада тіркелген, бірақ екпені жұмысына жақын вакцинация пунктінде салдырған. Заңда бұған тыйым жоқ.
— Қызымды [жалғыз өзі қорықпасын деп] қолдау үшін вакцина салғызбақ болдым. "Спутник V" вакцинасын салды, бәрі жақсы өтті. Бірақ екі сағаттан кейін вакцинация пунктінен хабарласып, қайта келуді сұрады. Барсам, "22 маусымда вакцина салғызғаныңызды неге айтпадыңыз? Сіздің атыңыздан сауалнама толтырылған, базада тұрсыз, бүгін екінші рет келіп отырсыз” деді. Таң қалдым. 22 маусымда вакцина салғызбағанымды, ол күні мүлде ешқайда бармағанымды айттым. Шынымен сауалнамада телефон нөмерімнен басқа деректердің бәрі тұр екен. Телефоным мен қолым ғана басқа. Дәрігердің тегі жазылған, 7-емхана деп көрсетілген. Мен 7-емхананың қай көшеде орналасқанын да білмеймін. Сондықтан мені 7-емханада вакцина салдырғандардың тізіміне қалай қосып қойғандары түсініксіз, - дейді Анар.
Анар түсініктеме жазып, Damumed медициналық ақпараттық жүйесінде көрсетілген, 22 маусымда вакцинаның бірінші компонентін салғызғаны туралы ақпараттың жалған екенін айтқан.
— Мені жағдайдың ақ-қарасын ажыратуға жіберді. Бірақ неге бұл мәселені мен шешуім керек? [Вакцинация пунктіндегі] дәрігерлерге де сұрағым бар: Неге олар сауалнама толтырған кезде базада деректерім барын айтпады? Неге вакцина салғаннан кейін екі сағаттан соң хабарлады? [Қателік жіберген] дәрігер хабарласып, кешірім сұрады. Екі цифрды қате жазып жібергенін айтты. Мен әрине, кешіремін, бірақ мұның қателік болғанына сенбеймін. Сауалнамам толық толтырылған, туған күнім, жеке сәйкестендіру нөмері жазылған, — дейді Анар.
"ШАРШАУДАН" ТУҒАН ҚАТЕЛІК
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы Азаттыққа бұл жағдайға қатысты қызметтік тексеру жүргізіп, “Damumed ақпараттық жүйесіне вакцина процедурасын тіркеу кезінде ЖСН-ды дұрыс енгізбеу фактісі анықталғанын, 28 маусымда републикалық электронды денсаулық сақтау орталығына бұл жазбаны өшіруді сұрап, хат жібергенін айтты.
Бұл жағдайға қатысты №7 емхананың бас дәрігері Айгүл Әсен де пікір білдірді.
— Әдетте процедура былай жүреді: адам вакцинация пунктіне келіп, ЖСН нөмірі мен телефонын көрсетеді. Медбике осының бәрін ақпараттық жүйеге енгізуі керек. Бірақ бұл жағдайда медбике екі цифрды қате жазған. Бұл 22 маусымда болған. Ешкім аты-жөні мен тегіне қарамаған. 28 маусымда Анар Қарабаева келгенде, ол кісінің деректері 22 маусымда енгізілгені белгілі болған. Яғни, 22 маусымда жіберілген қателік 28 маусымда анықталды. Бұл – техникалық қателік. Ол күні 100 адам болған. Медициналық қызметкерлер шаршаған болуы керек. Бірақ медбикені қателігі үшін жауапқа тартып, [№ 7 емханасы бас дәрігерінің] орынбасарын жұмыстан босаттық, — деді Айгүл Әсен.
Кейінірек қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы ешкімнің жұмыстан босатылмағанын, медбике мен бас дәрігердің орынбасары сөгіс алғанын мәлімдеді. Басқарма өкілдері медициналық қызметкерлердің вакцинация науқаны басталған ақпаннан бері демалыссыз жұмыс істеп келе жатқанын, мұндай кестемен қателіктер болуы әбден мүмкін екенін айтады.
"ЖОҒАРЫДАН КӨРСЕТІЛГЕН ҚЫСЫМНЫҢ НӘТИЖЕСІ"
Белсенді дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Қонеев мұндай қателіктер – кездейсоқ жағдай емес, қызметкерлерге жоғарыдан жасалған қысымның нәтижесі деп есептейді.
— Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктерге, олар денсаулық сақтау басқармасына, ал басқарма емханаға қысым көрсетеді. Емханалардың бас дәрігерлері медбикелерді қыспаққа алады. Байғұс медбикелер халық вакцина салдырмай жатқан соң, жұмысын көрсету үшін адамдарды сыртынан тіркеген шығар. Бұл жүйелі сипатқа ие болуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайды құзыретті органдар, мысалы, полиция тексеріп көруі керек. Мұның жай ғана қателік екеніне күмәнім бар, — дейді Қонеев.
Белсенді дәрігер "осы оқиғаны негізге алып, бүкіл учаскені тексеру керек" деп санайды.
— Осыған ұқсас басқа да жағдайлар болса, медбикеге тапсырма беріліп, вакцинаны осылай есептен шығарып жатқаны анықталуы керек. [Үкіметтің вакцинацияға қатысты] жыл соңына дейін 10 миллион адамға екпе саламыз деген жоспары шындыққа жанаспайды. Қазірге дейін бар болғаны екі миллион адам ғана толық вакцинациядан өткен. Әкімшілік ресурстарды қолданып, тағы екі-үш миллион адамға вакцина салуы мүмкін. Бар болғаны – осы. Мұндай жағдайға биліктің қалай болса да , көрсеткішке жету керек деген стратегиясы әсер еткен болуы мүмкін. Денсаулық сақтау басқармаларының арасында рейтинг барын білемін. Емханалар арасында да жарияланбаған рейтинг бар. Рейтингі төмен қызметкерлер қосымша адамдарды тіркеп, көрсеткішке жетпеген тұсын осылай толықтырғысы келеді, — дейді Қонеев.
Билік іс жүзінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың көбін коронавирусқа қарсы вакцинация салдыруға міндеттеген. 1 шілдеде Қазақстанның бас санитар дәрігері қызмет көрсету саласында істейтін азаматтардың бәрі вакцина салғызуы керек деген қаулы қабылдады. Бұл тізімге сауда орталықтары, банктер мен пошта бөлімшелерінен бастап, адвокаттық және нотариалды конторалар, фитнес-орталықтар мен сұлулық салондарына дейінгі көп нысандар кіреді. Екпе алмаған қызметкерлер аптасына бір рет өз қаржысына ПТР-тест тапсыруы керек. Жұмысқа тест нәтижесі теріс шыққан қызметкерлер ғана жіберіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина алмаған адамдарды жұмыс орнына кіргізген кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемін де бекітті (34 - 3 400 доллар). Аймақтарда санитарлық билік өкілдері 15 маусымнан кейін тексеру жүргізіп, қызметкерлері вакцина салдырмаған нысандардың жұмысын тоқтататынын хабарлады. Қазақстандық кей заңгер мен белсенді вакцинациядан өту талабы заңға қайшы келетінін, мәжбүрлі науқан құжаттарды қолдан жасауға әкеліп соғатынын ескертіп, "сұраныс болса, қара нарықта ұсыныс та пайда болады" дейді. Желіде вакцинация паспорты мен екпеден босататын әртүрлі диагноз жазылған анықтамалар сату туралы хабарландырулар жиі кездеседі. Ал ішкі істер министрлігі ПТР тест нәтижесі мен вакцинация паспортын қолдан жасау фактісі бойынша ондаған іс тіркелгенін хабарлады.
Анар Қарабаева бірнеше аптадан кейін вакцинаның екінші компонентін салғызады. Ол болған оқиғадан соң жергілікті денсаулық сақтау саласына сенімі жоғалғанын, бірақ соған қарамастан, вакцинация процедурасын аяқтағысы келетінін айтады.
— Осылай алдағандарына ренжимін. Көп адам вакцинадан бас тартып, кейбірі 15 мың теңгеге вакцинация паспортын сатып алып жатқанда, екпеге өз еркіммен келістім. Әрине, вакцинаның екінші компонентін салғызуға барамын. Қазір сенім жоғалды. Бірақ әр жолы ПТР-тест тапсырып жүруге ақшам жоқ, - дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Екпе алмаса, қауіп көп. Басқа амалымыз жоқ". Иммунолог вакцинаның пайдасы мен "чиптеу" жайлы не айтты?Екпе салдыр не жұмыстан шық. Ерікті вакциналау міндетті шараға қалай айналды?