Қырғызстандағы "Сапат" халықаралық білім беру мекемесінің (бұрынғы ҚТЛ лицейі осы орталыққа қарайды) президенті Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды 5 шілдеде Бішкекте бір адамдық пикет өткізді. Орхан Инанды өткен айда із-түссіз жоғалып кеткен.
Рейхан Инанды Үкімет үйі мен парламент ғимаратының алдында "Орхан Инанды қайда?" деген плакат ұстап шықты. Бұған дейін Рейхан Инанды Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа үш рет қайырылып, күйеуін табуға көмек сұраған.
Орхан Инанды 1 маусым түнде жоғалған. Полиция "Адам ұрлау" бабы бойынша іс қозғаған еді. Кейін оған Интерпол бойынша халықаралық іздеу жарияланды. Орхан Инандының мәселесі парламентте де көтеріліп, депутаттар оның жоғалуын "саяси операция" деп атады.
2019 жылы Қырғызстан оны Түркияға экстрадициялаудан бас тартқан.
Бішкек полициясы Орхан Инанды ресми түрде Қырғызстан шекарасын кесіп өткен жоқ деп мәлімдеді. Ал Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Орхан Инандыға қауіп төніп тұрғанын ескерттік дейді.
Рейхан Инанды бұған дейін желі арқылы күйеуін "Түркияның Қырғызстандағы елшілігінде күштеп ұстап отыр" деген хабар алғанын айтқан.
Орхан Инанды жоғалғалы Бішкектегі Түркия елшілігі алдында бірнеше наразылық акциясы өткен. Ал "Сапат" орталығы оның қайда екенін айтқан адамға ақшалай сыйақы тағайындаған.
Түркияда туған Орхан Инанды 1995 жылы Қырғызстанға келген. 2012 жылы осы елдің азаматтығын алған. "Сапат" құрамында 16 лицей, "Ала Тоо" университеті, UWIS халықаралық мектебі және төрт мектеп кіреді. Бұл оқу орындарында 10 мыңдай оқушы мен студент бар.
Түркия билігі "Сапат" орталығын АҚШ-та тұратын түрік билігінің сыншысы Феттуллах Гүлен қаржыландырады деп санайды. Ресми Анкара Түркияның ішіндегі және шетелдегі Гүлен жобалары мен оның жақтастарына қысым көп жасайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Жапаров Ердоғаннан жоғалып кеткен түрік мектептер желісінің басшысы туралы сұрадыТүркия Қырғызстандағы түрік мектептер желісінің жетекшісін экстрадициялауды талап еткенБішкекте ҚТЛ президентін үшінші күн іздеп жатыр. Жақындары Түркиядан көреді