Тихановскаяның Литвадағы кеңсесі дипломатиялық статус алды

Светлана Тихановская.

Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис ресми Вильнюс Светлана Тихановскаяның кеңсесін Беларусь демократиясының ресми өкілдігі деп танитынын мәлімдеді.

Тихановскаяның баспасөз қызметі бұл қадамды Лукашенко режимін делегитимизация жасаудың жаңа кезеңі деп бағалады.

Литва – Тихановская кеңсесіне статус берген Еуропа одағындағы алғашқы ел. Қазір басқа елдермен де келіссөз жүріп жатыр.

"Литваға мені және Беларусь халқын қолдағаны үшін алғыс айтамын. Беларусь – Лукашенко емес, бұл ресми түрде мойындалды" деді Тихановская.

Беларусьты 26 жылдай басқарған Лукашенко былтырғы сайлауда жеңімпаз деп танылған. Бірақ халық пен оппозиция атынан сайлауға түскен Тихановская сайлау нәтижесін мойындамаған. Елде бірнеше айға созылған наразылық кезінде режим мыңдаған адамды ұрып-соғып, қамаған. Тихановская қауіпсіздігі үшін Литваға кеткен.

Батыс елдері Лукашенконың Беларусь президенті деп мойындамайды.