Оралда полиция аштық жариялап жатқан белсенділер Орынбай Оқасов пен Дастан Базеновті үйлерінің алдынан алып кетті. Артынша олардың үстінен сот өтіп, екеуі 10 күнге қамалды. Бұл туралы Азаттыққа олардың адвокаты Айсұлу Біләлова хабарлады.
Белсенділер ҚДТ мен “Көше партиясы” қозғалыстарын “экстремистік” деп таныған сот шешімін жоюды, белсенділерді қудамалауды талап етіп, “аштық акциясына” қатысып жатқан.
Қорғаушының сөзінше, сот белсенділер Оқасов пен Базеновті “бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды” деп тапқан. Адвокат сот шешіміне қарсы шағым түсіретінін айтты.
Оқасов 19 маусымда Оралда бейбіт митинг үшін сотталған. Сотта белсенді митингіге тікелей қатыспағанын, тек видео түсіргенін айтқанымен, судья оны ескермеді.
Дастан Базенов 23 маусымнан бері аштық жариялап жатыр. Ал Оқасов тағы бір белсенді Маруа Ескендірова денсаулығына байланысты аштықты тоқтатқан соң осы шараға қосылған. Кейін Ескендірованың қамалғаны белгілі болды. Аштық жариялаған белсенділер Амангелді Оразбаев пен Бекболат Өтебаев та 2-3 шілдеде қамауға алынған.
Аштық акциясы екі апта бұрын Нұр-Сұлтан мен Алматыда басталған. Кейін бұл шараға Орал, Өскемен және Шымкент белсенділері қосылған. Аштық жариялап жатқандар Еуропа одағынан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке “адам құқығын бұзғаны үшін” санкция салуды да талап етеді.
2020 жылы астанадағы Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді.
Қазақстан билігі "Көше партиясын" қуғында жүрген экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ның жалғасы санайды.
"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды дейді.
Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды.