6 шілдеде Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Демпартия" белсенділері Ырысбек Тоқтасын мен Дәурен Достияровты 10 күнге қамады. Олардың үстінен "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (Әкімшілік кодекстің 434-бап, 1-тармағы) хаттама толтырылған. Бұған қоса, тағы бір белсендінің қамалғаны хабарланды. Әзірге ол жайлы мәлімет толық анықталмады.
Сот қаулыларында екі жауапкер 6 шілдеде сағат 16.00 шамасында Абай даңғылы мен Байтурсынов көшесінің қиылысындағы митингіде "былапыт сөйлеп, айналасындағыларға сыйламаушылық білдірді" деп жазылған. Осылайша бұл азаматтар "қоғамдық тәртіпті және тұлғалардың тыныштығын бұзды" деп көрсетілген қаулыда. Ырысбек Тоқтасын тағылған айыпты мойындамаған. Ал Достияров жартылай мойындаған.
"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбайдың сөзіне қарағанда, 6 шілдеде полиция Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы наразыларды түнгі сағат 10 жарым шамасында кеттлингтен босатқан.
Оның айтуынша, Бостандық аудандық полиция басқармасы үш адамның 10 тәулікке қамалғанын айтқанмен "олардың қазір нақты қай изоляторда отырғанын біле алмай отырмыз" дейді. 6 шілдеде түнде белсенділер Бостандық аудандық полиция басқармасы өкілдерінің сөзіне сүйеніп, Қаскелеңдегі уақытша қамау изоляторына барған кезде ондағылар белсенділердің жоқ екенін айтқан. Лобачевскийдегі уақытша қамау изоляторы да белсенділердің оларда емес екенін айтқан.
6 шілдеде елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні атап өтіліп жатқан шақта "Демпартияның" ондаған өкілі Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында митинг жасамақ болған. Бірақ полиция оларды кеттлинге алып, шеру жасап жүруіне мүмкіндік бермеді. Полициямен текетірес кезінде бірнеше адам жарақат алған.
"Демпартия" митинг орны деп белгіленген жерде сейсенбі күні интернет бұғатталып, күзет күшейді.
"Демпартия" митингісіне келгендер билік саясатына, "Қытай экспансиясына", қымбатшылыққа қарсы шығып, "Назарбаев, кет!", "Үкімет отставкаға кетсін!" деп айғайлады.
Видео: "Басымнан, жағымнан, бүйректен тепті". Мамайдың жақтастары арнайы жасақтан "таяқ жеген" (6 шілде 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Шетелде тұратын оппозиционер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов та жұртты 6 шілде кешкісін митингіге шығуға шақырған. Полиция Алматыда митинг орнында кемінде – екі адамды, Ақтөбеде бірнеше адамды ұстаған.
Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" дейді.
Билік сыншысы Әблязов ҚДТ-ны "экстремистік" деп таныған сот шешімінің "саяси астары бар" деп санайды.