Павлодарда дәрігерлер 200-ден астам вакцинаның жалған паспортын сатты деген күдікке ілінді

Вакцина пунктінің маңында кетіп бара жатқан адамдар. Көрнекі сурет.

Павлодардағы бір аурухананың қызметкерлері 200-ден астам вакцинаның жалған паспортын сатты деген күдікке ілінді. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

"Аурухана меңгерушісі, жалпы практикадағы дәрігер, сонымен бірге екі медбике ақша үшін вакцина алғандардың дерегіне жалған мәлімет енгізген. Тергеу барысында медицина қызметкерлерінің 200-ден астам вакцинаның жалған паспортын жасағаны анықталды" делінген хабарламада.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 385-бап ("Жалған құжаттарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Қазақстанда індет өршіп тұрған шақта коронавирусқа қарсы вакцинаның жалған паспортын сатушылар мен алушылардың көбейгені жайлы ақпарат жиіледі. Өткен аптада Алматы мен Нұр-Сұлтанда осындай құжатты қолдан жасаған медицина қызметкерлерінің ұсталғаны хабарланған еді. ІІМ бұған дейін "жалған вакцина паспортын жасау жаппай сипат алды" деген ақпаратты жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Полиция: Алматыда вакцинаның жалған паспорты мен қолдан ПТР-анықтама жасағандар ұсталдыҚазақстанның үш аймағында "жалған вакцина паспортын сатқан" медицина қызметкерлері ұсталды"Сыртымнан құжат толтырған". Қағаз жүзінде екпе алған алматылықтың хикаясыBaza: Ресейде вакцина паспортының "қара нарығы" қалыптасты