ҚТЖ еріктілер үндеуінен соң шөпті тегін тасуға уәде берді

Түркістан облысы еріктілері қуаңшылық жайлаған Маңғыстау облысына шөп жіберіп жатыр. 18 шілде 2021 жыл.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Түркістан облысы еріктілері жиған шөпті қуаңшылық жайлаған Маңғыстау облысына тегін тасымалдауға уәде берді. Бұған дейін еріктілер ұлттық компания мен ауыл шаруашылығы министрлігінен тасымал бойынша көмек сұраған.

Ерікті Нұрлыбай Татаевтың айтуынша, 17 шілде күні Сарыағаштан Маңғышлақ станциясына бес вагон жөп жіберілген, қазір тағы бес вагонға шөп тиеп жатыр.

– Кеше кешке ұлттық компания өкілдері хабарласып, шөпті Маңғыстауға тегін жеткізу мәселесі шешілгенін айтты. Енді станциядағы шөпші бүгін жіберсек, ертеңнен бастап аудандарда кезек күтіп тұрған шөптерді Сарыағашқа жеткіземіз, – дейді ерікті.

15 шілде күні Түркістан облысының еріктілері қуаңшылық орнаған Маңғыстау облысындағы шаруаларға көмек ретінде жиналған 10 вагон шөпті жібере алмай жатқанын айтып, ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басшылығынан көмек сұраған. ҚТЖ оған дейін Маңғыстауға еріктілер жинаған 5 вагон шөпті тегін жеткізіп берген.

Компания баспасөз қызметі еріктілер үндеуінен соң арнайы жиын өткенін, 10 вагоннан бөлек тағы 30 вагон шөпті тегін жеткізуге өтініш түскенін, компания еріктілер жинаған шөпті тегін жеткізуге келіскенін хабарлады.

Бұған дейін Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы әлеуметтік желі арқылы үндеу тастап, жұртты шөп орып, оны қуаңшылықтан малы қырылып жатқан аймақтарға жіберуге үндеген. Талапқазының үндеуінен соң ел жаппай шөп орып, оны жіберуге не сатып алуға қаражат жинауға кіріскен.

Маусым айында Маңғыстау және Қызылорда облысында құрғақшылық болып, малдың қырылып жатқаны хабарланды. 13 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сөгіп, артынша қызметінен босатқан.