Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus бағдарламасының көмегімен телефоны тыңдалған журналистер мен қоғам белсенділерінің аты-жөнін жариялады.
Pegasus-ты кибербарлауға маманданған израильдік NSO Group компаниясы жасаған. Әу баста бұл жоба террористер мен қылмыскерлерді аңду мақсатында әзірленген, алайда OCCRP зерттеуі авторларының тұжырымы бойынша, оннан астам елде Pegasus журналистер мен қоғам белсенділерін бақылау үшін олардың мобильді телефондарына бұзып кірген.
Қазақстан үкіметі тыңшы бағдарламасының көмегімен аңдыған адамдар:
- Серікжан Мәулетбай – Informburo.kz жаңалық порталының тілшісі, әлеуметтік желіде блогтары бар;
- Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клуб жетекшісі, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы бопсалау бабы бойынша сотталған;
- Бақытжан Төреғожина – қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымын басқарады.
Бұған қоса Қазақстан тізімінде Квентин Гиёме мен Мартин Вийом деген кісілердің есімі аталады. Бұлар Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал.
Мартин Вийом – француздың "Аштықпен күрес және даму католик комитеті" гуманитарлық ұйымының қызметкері, Латын Америкасына маманданған. Мұның алдында ол Oxfam France және Франциядағы Халықаралық бейбітшілік бригадасында жұмыс істеген.
Мартин Вийомның франциялық белсенді, Génération Ecologie саяси партиясының вице-президенті Квентин Гиёмемен байланысы бар сияқты. Ол демократиялық өзгертістерді бастан өткеріп жатқан елдердегі азаматтық қоғамға қолдау көрсететінін Cosmopolitan Project Foundation үкіметтік емес ұйымын құрған әрі Мұхтар Әблязовқа арнап шаралар ұйымдастырған. Бұған қоса Гиёме Франциядағы "Университеттер мен мектеп жұмыстарының ұлттық орталығы" мемлекеттік мекемесін басқарады.
OCCRP ақпараты бойынша, оннан аса елде 200-ге тарта журналист пен белсендіні аңдыған. Қазақстаннан бөлек, Pegasus қызметін Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері пайдаланған.
Pegasus тыңшы бағдарламасы қарапайым хабарлама арқылы "аңдылатын" адамның телефонына кіріп, оның жеке мәліметтерін ұрлайды, қажетіне қарай микрофон мен камераны қосады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ OCCRP зерттеуі: Қазақстан журналистерді аңду үшін телефонына вирус жібереді