Қазақстанда тағы 5,4 мыңнан астам адамнан Covid анықталды, 62 науқас қайтыс болды

Вакцина пункті.

20 шілдеде 5179 адамның анализінен коронавирус анықталды. Екі күн бұрын 227 адамға коронавирус пневмниясы жұққан. Денсаулық сақтау министрлігінің сәрсенбі күнгі хабарламасында осындай ақпарат жазылған.

Елде вирус күшейді. Қазір "жасыл аймақта" бірде-бір облыс не қала қалған жоқ. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы "сары аймақта". Қалған облыстар мен қалалар "қызыл аймақта" тұр.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1277 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 710, Қарағанды облысында – 703, Атырау облысында – 348, Шымкентте – 412, Батыс Қазақстан облысында – 272, Ақмола облысында – 177, Маңғыстау облысында – 146, Павлодар облысында – 185, Ақтөбе облысында – 142, Алматы облысында – 160, Қостанай облысында – 141, Қызылорда облысында – 108, Маңғыстау облысында – 146, Павлодар облысында – 185, Түркістан облысында - 103, Жамбыл облысында 105 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді: Солтүстік Қазақстан облысында – 97, Шығыс Қазақстан облысында – 93 науқас тіркелді.

Індет басталғалы бері 504 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.

Бұдан бөлек ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 58 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 5116 адам қайтыс болған. 3562 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

19 шілдеде коронавирус 54 адамның өліміне себеп болды. 8 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.

Қазір 64 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 20 мыңнан астамы стационарда жатыр. 44 мыңнан астамы амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр. 160 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Бұған дейін ауруханаларда орын жетпей жатқаны хабарланды. Кейбір қалаларда қонақ үйлер, спорт кешендері инфекциялық стационарға айналды.

21 шілдедегі дерек бойынша, Қазақстанда 4 миллион 965 мың адам коронавирус екпесінің кемі бір компонентін салдырған. Екпені толық алғандар 2,9 миллионнан асты.

Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады. Кейінгі аптада соңғы екеуінің қоры сарқылып қалған. Ал QazVac екпесінің көлемі өндіріс қуатының әлсіздігіне байланысты шектеулі болып отыр.