Өтемұратов, Әблязов. Зерттеу тобы "телефоны тыңдалған" қазақстандық олигархтардың аты-жөнін жариялады

Солдан оңға қарай: Болат Өтемұратов, Нұрсұлтан Назарбаев және Мұхтар Әблязов.

Pegasus бағдарламасының көмегімен қазақстандық бірқатар олигархтардың телефоны тыңдалған болуы мүмкін. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) бастаған журналистер тобының кезекті зерттеу мақаласында осындай тұжырым жасалады.

Телефоны тыңдалған болуы мүмкін олигархтар мен ықпалды кәсіпкерлердің арасында Болат Өтемұратов, қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов, бірінші президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың жиені мен екі көмекшісі бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлыбаевтар, Өтемұратов, Ким және 3 дебютант. Forbes тізіміндегі Қазақстан байлары

Зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың бірі, экc-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын болған адамдардың бірі Болат Өтемұратов пен оның екі ұлы және жақын туыстары мен қоластында істеген бірқатар адамдардың нөмірі "телефоны тыңдалған" нөмірлер тізімінен табылған. Тізімде сонымен бірге Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың жиені Әлібек Құлыбаев пен оның жеке көмекшісі мен бұрынғы кеңесшісінің нөмірі де бар.

Тізімнен сонымен бірге бұрынғы банкир, қазір Францияда тұрып жатқан, Ақорданың басты қарсыласы Мұхтар Әблязовтың нөмірі табылған.

"Ешкімге сенбе. Қазақстандық олигархтар мен шенеуніктерді Pegasus-тың көмегімен аңдыған болуы мүмкін" деп аталатын зерттеу мақаласының авторлары аңду туралы тапсырысты бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев беруі мүмкін дегенді меңзейді.

Зерттеу Назарбаевтың 20 жыл бұрын бизнес элита мен кәсіпкерлермен кездесу кезінде айтқан мына бір сөзінен басталады.

"Мен сендерге барлық жағдай мен мүмкіндікті жасадым. Ал сендер салық төлемейсіңдер. Тапқан қаражатты шетелге шығарып, баспана аласыңдар, шашып-төгесіңдер. Мен қазір кез келгеніңнің қолыңнан сүйреп, сотқа тарта аламын" деген еді Назарбаев.

Зерттеу авторлары "бұл қоқан-лоқы жәй ғана сөз болып шыққан жоқ" деп оның режимінің бизнес элитаны уысында ұстау талпынысын атап өтеді.

Мақалада Freedom House құқық қорғау ұйымының стратегиялық зерттеу жөніндегі директоры Нейт Шенкханның пікірі келтірілген.

"Бұл Қазақстандағы ең ықпалды адамдар. Сол себепті қауіпсіздік қызметінің оларды бақылап, аңдуға тырысқаны мені таңғалдырмайды Міне, ең қауіпті саяси қатер қайдан туындаған" дейді Шенкхан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев, Мамин, Сағынтаев... Pegasus Project телефондары тыңдалды деген адамдар тізімін жаңартты

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) зерттеуіне сәйкес, 2016 жылдан бері әлем үкіметтері израильдік Pegasus тыңшылық бағдарламасының көмегімен 50 мыңға дейін телефон нөмірді тыңдап, аңдыған. Қазақстанда 2 мың шақты нөмір тыңдалған болуы мүмкін. Болжам бойынша, Қазақстанға қатысты тыңдау туралы тапсырысты қазақ үкіметі берген.

Бұған дейін жоба авторлары телефоны тыңдалған болуы мүмкін 8 қазақстандықтың аты-жөнін жариялаған. Бұлар: президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналист Серікжан Мәулетбай, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы Бигелді Ғабдуллин.

Бұған қоса Қазақстан тізімінде Квентин Гиёме мен Мартин Вийом деген кісілердің есімі аталады. Бұлар Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал.

Бұл зерттеуден соң әлемде жеке мәліметке қол сұғумен күрес, электронды құрылғылардың қауіпсіздігі, жеке қауіпсіздік мәселелері көтеріле бастады. Франция прокуратурасы президент Эммануэль Макронның телефоны тыңдалды деген ақпаратқа байланысты тергеу амалдарын бастаған.

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев 22 шілде мемлекеттік арнаға берген сұхбатында зерттеуді "дәлелсіз, жеткілікті дәрежеде интрига тудыратын ақпарат" деп атады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Абаев қазақстандықтарды аңдығаны жайлы зерттеу жөнінде: "Дәлелсіз интрига тудыратын ақпарат"