Ираннан қашқан дзюдошы Моңғолияға Токио олимпиадасында күміс әперді
Ираннан қашқан дзюдошы Саид Моллаеи Токио олимпиадасына Моңғолия атынан қатысып, күміс медаль алды.
29 жастағы Моллаеи 81 келідегі финалда жапониялық Таканори Нагаседен жеңілді.
Моллаеи Токиодағы жарыстан соң "Анамды, әкемді екі жылдан бері көрмедім. Бұл медалімді біріншіден өзіме, екіншіден отбасыма, ата-анама, үшіншіден мені осы жолда қолдаған барлық жанға арнаймын" деді.
Моллаеи Токио татамиіндегі алғашқы белдесуінде қазақстандық Дидар Хамзаны жеңді.
2018 жылғы әлем чемпионы Моллаеи екі жыл бұрын Ираннан қашқан. Сөзінше, Иран одан әлем чемпионатының финалында израильдік Саги Мукимен кездеспес үшін жартылай финалда әдейі жеңілуді талап еткен. Иран Израильді басты жауы санайды. Иран спортшылары жарыстарда Израиль спортшыларымен кездесуден жиі бас тартады.
Дзюдодан 81 келіде Токио олимпиадасында жүлде алған спортшылар: Маттиас Кассе (Бельгия, қола жүлде), Шамиль Борчашвили (Австрия, қола жүлде) және чемпион жапон Таканори Нагасе, күміс жүлдегер Саед Моллаеи.
Моңғолия азаматтығын алғанға дейін Моллаеи босқындар құрамасының сапында болған.
2021 жылы ақпанда ол Израильде Мукимен белдесіп, кейін оны “бауырым” деген.