АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде белорус оппозиция жетекшілерінің бірі Светлана Тихановскаямен кездескенін хабарлады.
Байденнің Twitter-де жазуынша, келіссөз сәрсенбі күні таңертең өткен. Америка басшысы Беларусьтегі демократия мен адам құқығын қорғау талпынысына қолдау білдірген.
"Светлана Тихановскаямен кездесу мен үшін құрмет. АҚШ демократия мен адам құқығының сақталуына ұмтылып отырған Беларусь халқымен бірге қалады" деп жазды Байден әлеуметтік желіде.
Ақпарат Тихановскаяның телеграм-арнасында да пайда болды.
"Миллиондаған белорустың үні жетті деген үмітпен Ақ үйден шығып бара жатырмын" деп атап өтті Тихановская. Оның сөзіне қарағанда, ол Джо Байденді Беларусте күш қолданбай демократия орнатуға көмектесуін сұраған.
"Беларусьтегі револиция геосаясатпен байланысты емес. Бұл белорустардың демократиялық таңдауы және бізді қолдау АҚШ-тың моральдық парызы" деді Тихановская.
Оның сөзіне қарағанда кездесу 15 минутқа созылған және өте жылы әрі жайлы атмосферада өткен.
"Беларусьтегі жағдайға бейжай қарамайтын адамды көрдім" деді былтыр Беларусьте президенттіктен үміткер болған Тихановская.
Шілде айында АҚШ-қа сапарында Светлана Тихановская Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және оның орынбасары Виктория Нуланд, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан және белорус диаспорасы өкілдерімен кездескен.
АҚШ мемлекеттік департаменті сол кезде Тихановскаяға бұдан әрі қарай да "белорус халқының демократияға деген ұмтылысын" қолдай беретінін жеткізген.
АҚШ Еуроодақпен бірге Беларусьтегі 2020 жылы өткен президент сайлауының ресми қорытындысын мойындамады. Белорус орталық сайлау комиссиясы алтыншы рет президенттікке түскен Александр Лукашенконы жеңімпаз ретінде таныған. Бұдан соң Минск мен елдің өзге қалаларында сайлау нәтижесінің бұрмалануына қарсы жаппай наразылық акциясы басталып, демонстранттар Лукашенконың отставкасын да талап етті. Күштік құрылымдар наразылықты аяусыз басып-жаншыды. Мыңдаған адам ұсталды, көбі қамалып, айыппұл салынды. Ондаған қылмыстық іс қозғалды. Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге халықаралық санкциялар салынды.