Жазушы Аягүл Мантайдың өліміне байланысты Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.
Салтанат Қаракөзованың Азаттыққа айтуынша, Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша іс қозғалған. Тергеу амалдары басталып, арнайы сараптамалар тағайындалған.
Қаракөзова іс бойынша күдікті анықталған-анықталмағаны, адвокаттар тағайындалғаны жөнінде ақпарат бере алмайтынын айтты.
29 шілдеде жазушының қайтыс болғаны жөнінде әлеуметтік желіде оның достары хабарлаған еді. Кей ақпаратқа қарағанда жазушы "өз-өзіне қол жұмсаған". Марқұм кеше, 29 шілдеде туған жерінде жерленді.
Аягүл Мантай - "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты, "Жүрекке оралу" кітабының авторы. Оның "Жаңбырлы көктем" атты әңгімелер жинағы бар. Жазушы Ресей халықтар достығы университетінде оқыған.