НАТО әскерін Ауғанстаннан шығарып жатқан тұста "Ислам мемлекетінің" содырлары осы елге келе бастады. Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Душанбеде журналистерге осылай деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Ауғанстанға көптеген елден, соның ішінде Сирия мен Ливиядан терроршылар қосылып жатыр. "Кейбір аймақта тіпті содырлардың осы елге баруын жақсылап ұйымдастырған" дейді Шойгу.
Ресей қорғаныс министрі бұны 28 шілдеде Душанбеде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының отырысынан соң айтты. Қорғаныс министрлерінің басқосуына журналистерді кіргізбеді.
Ресми мәлімет бойынша, ұйымға мүше елдердің қорғаныс министрлері Ауғанстандағы жағдайды талқылаған.
Ресей баспасөзінің хабарлауынша, Сергей Шойгу Ресейдің Тәжікстанға көмектесетінін, қару беретінін айтқан.
Бір апта бұрын Ресейдің Тәжікстандағы күштері шілденің аяғына дейін 17 БМП-2М алатыны мәлім болды.
"Талибан" қозғалысы Ауғанстанға көрші елдерге тиіспеуге уәде бергенімен, тәліптер ауған-тәжік шекарасын қорғауды Тәжікстанда тыйым салынған "Ансоруллах" тобына тапсырған. Бұл топтың көптеген содырын Душанде халықаралық іздеуге берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер Ауғанстан солтүстігін қорғауды Душанбе тыйым салған тәжік тобына тапсырды