"Талибан" Герат маңында үкімет күшімен шайқасып, БҰҰ кеңсесіне шабуылдады

Ауғанстан қауіпсіздік күштері сарбаздары Пул-и Малан ауданында жол бойын күзетіп тұр. Герат уәлаяты, 30 шілде 2021 жыл.

30 шілде күні Ауғанстандағы Герат уәлаятының орталығы Герат қаласының шетінде "Талибан" қозғалысы мен мен Ауғанстан үкіметі қауіпсіздік күштері шайқасқанын халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.

"Талибан" өз жасағы уәлаят орталығының бір бөлігіне енгенін хабарлады. Бірақ Кабулдағы Ауғанстан үкіметі шенеуніктері бұл сөзді терістеп, "Талибан" шабуылы тойтарылды деп мәлімдеді. Бұл хабар АҚШ пен оған одақтас басқа да шет мемлекеттердің өз әскерін Ауғанстаннан шығару аяқталуға таяған тұста, тәліптер Ауғанстанның бүкіл аумағын басып алуға тырысып жатқан кезде тарады.

Ауғанстан қорғаныс министрлігі баспасөз хатшысының орынбасары Фауад Аман Азаттықтың Ауған қызметі – Азади радиосына берген сұхбатында Ауғанстанның қауіпсіздік және қорғаныс күштері "Талибанды" талқандап, олардың Герат, Қандағар, Гильменд және Тахар уәлаяттарындағы шабуылына тойтарыс берді" деп мәлімдеді.

"Олар Герат қаласының маңында ойсырай жеңілді. Тахар уәлаятының орталығы Талиқан да "Талибаннан" тазартылды. Қандағар қаласының шетінде Ауғанстан қауіпсіздік күштері шабуыл операциясын бастады. Алла қаласа, жағдай жақсарады" деді Аман.

Бұған қоса Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясы (UNAMA) 30 шілде күні БҰҰ-ның Гераттағы ғимаратына жасалған шабуыл кезінде бір күзетшісі қаза тапқанын хабарлады. Бұл оқиғаға "БҰҰ миссиясына шабуыл" деп баға берген АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джалина Портер бұған "үкіметке қарсы белсенді әрекет етіп жатқан содырларды ("Талибанды")" айыптаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәліптер Ауғанстан солтүстігін қорғауды Душанбе тыйым салған тәжік тобына тапсырдыШойгу: "Ислам мемлекетінің" содырлары Ауғанстанға өтіп жатыр"Талибан" Қытайдың ресми тұлғаларымен келіссөз жүргізгенін хабарлады"Басқа амалымыз жоқ". "Талибан" қыспағынан қашқандар қайда кетіп жатыр?БҰҰ: Ауғанстанда соғыстан зардап шеккен бейбіт тұрғындар көбейді