Мьянма әскери хунтасы: Жаңа сайлау 2023 жылы өтеді

Мьянма әскери хунтасының басшысы Мин Аун Хлайн Мәскеуде. 23 маусым 2021 жыл.

Жексенбі, 1 тамыз күні Мьянма әскери хунтасының басшысы мәлімдеме жасап, елдегі төтенше жағдай 2023 жылдың тамызында алынатынын, сол кезде сайлау өтетінін мәлімдеді. Төңкеріс жасап, ел билігін қолына алған кезде хунта сайлаудың бір жылдан кейін өтетінін айтқан.

Мьянма кейінгі алты айды дағдарыс жағдайында өткеріп жатыр. Ақпанда ел әскері төңкеріс жасап, билікті басып алды да, елдің лидері Аун Сан Су Чжиді қамап тастады. Елде содан бері әскери режимге қарсы ондаған ірі наразылық акциялары өтті. Оның соңы жүздеген бейбіт тұрғынның қазасымен аяқталған. Жергілікті құқық қорғау ұйымдарының есептеуінше, наразылық кезінде 900-ден артық адам мерт болған.

Коронавирус індетінің тарауы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Демократияшыл медқызметкерлер жұмысқа шықпаған. Дүниежүзілік банк ел экономикасы 18 пайызға әлсірейді деп болжап отыр.

Теледидардан көрсетілген жолдауда әскери хунта басшысы Мин Аун Хлайн "Біз төтенше жағдай шартын 2023 жылғы тамызға дейін орындаймыз. [Сол кезде] көппартиялы сайлау өткізуге уәде беремін" деді.

Хлайнның сөзі Мьянманың әлі екі жарым жыл әскери биліктің қолында болатынын білдіреді. Төңкерістен бір өткенде хунта әскери режим тек бір жылға созылады деген.

Әскерилердің сөзінше төңкеріске былтырғы сайлау түрткі болған. Ол сайлауда ресми түрде Нобель сыйлығының иегері Аун Сан Су Чжи бастаған "Демократияшылдардың ұлттық лигасы" айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Хунта сайлау нәтижесі бұрмаланды деп, партияны таратуы мүмкін екенін ескерткен.

Өткен аптада хунта сайлау нәтижесін жойып, 11 миллион дауыс дұрыс берілмеген деді.

Аун Сан Су Чжи 1 ақпаннан бері түрмеде отыр. Әскери хунта оған неше түрлі айып тақты. Билік оны коронавирус індеті кезінде карантин талабын бұзды, елге рация партиясын заңсыз кіргізді деп айыптайды. Бұл Су Чжиді он жылға дейін бостандығынан айыруы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мьянмадағы әскери төңкерістің артында кім тұр?

Жексенбі күні бүкіл ел бойынша шерушілердің шағын тобы наразылық акциясын өткізді.

Ондаған мың қызметкер алты ай бойы өтіп келе жатқан шерулерге қатысқаны үшін жұмыстан шықты не әлі наразылықта тұр.

2020 жылғы сайлауда "Демократияшылдардың ұлттық лигасының" беделі 2015 жылғыға қарағанда біршама артқан. Былтырғы сайлау жөніндегі баяндамасында "Азия ашық сайлау желісі" құқық қорғау ұйымы Мьянмадағы сайлауды "халықтың қалауын толық көрсетті" деп бағалады.

AFP агенттігінен аударылды