Ұлыбритания мен АҚШ мұнай танкеріне жасалған шабуылды Ираннан көрді

Mercer Street танкері.

Ұлыбритания мен Израиль Оман жағалауында израильдік мұнай танкеріне жасалған шабуылды Ираннан көріп отыр.

Өткен аптада белгісіз дрон Үнді мұхитындағы Оман жағалауында тұрған Mercer Street мұнай танкеріне шабуыл жасаған. Кеме жапондық фирмаға тиесілі болғанмен оны израильдік компания пайдаланып отыр. Шабуылдың салдарынан бір британдық және бір румын азаматы қаза болған.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл ядролық келісімге байланысты Иранмен жағдай ушыққан тұста аймақта коммерциялық кемеге жасалған ең ірі шабуыл.

"Бұл алдын ала ойластырылған шабуыл және Иран осылайша халықаралық заңды өрескел бұзып отыр" деді Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб.

Оның айтуынша, Ұлыбритания мен одақтастары шабуылға бірлесе жауап беру амалын қарастырып жатыр.

"Неміс толқыны" сайтының жазуынша, АҚШ та оқиғаға Иранды айыптап, мәселені одақтастарымен талқылаған.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет Иран "жауапкершіліктен жалтаруға тырысты" деп мәлімдеп, Тегеранның жоққа шығаруын "қорқақтық" деп атаған.

Ал Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Саид Хатибзадех мұны "негізсіз айыптау" деп мәлімдеген.