Тоқаев Сапарбаевқа сөгіс жариялап, "кадрлық қателігін түзеуді" тапсырды

Қайрат Досаев (сол жақта) Тараз тұрғындарымен кездесіп отыр. (Сурет Тараз қаласы әкімдігінің сайтынан алынды).

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа Таразда оқушы зорланғаннан кейін қызметінен кеткен Қайрат Досаевты облыс басқармасы басшылығына тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Президент Сапарбаевқа "қателігін түзеуді де" тапсырған. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсубктегі парақшасында хабарлады.

"Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді" деп жазды Уәли.

2019 жылы Тараздағы мектептердің біріндегі дәретханада 12 жастағы қызды зорлағаннан кейін Тоқаев қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырған. Жуырда оның Жамбыл облысы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалғаны хабарланған еді.

Дегенмен жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Досаев Тараз әкімі қызметінен босағаннан кейін 2019 жылы желтоқсанда облыстық әкімдіктегі еңбек инспекциясы басқармасына жетекші болған.

2019 жылы қараша айының ортасында Таразда ер адам мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан 7-сынып оқушысын зорлаған. Бұл оқиғадан кейін мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан қуылды. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның бұрын сотталғанын хабарлады. 2020 жылы қаңтарда сот оны 25 жылға бостандығынан айырып, химиялық кастрация жасауға пәрмен берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дәретханадағы оқиғадан соң Тараз әкімі жұмыстан босап, облыс әкімі ескерту алды