3 тамызда Нұр-Сұлтанның №2 Сарыарқа аудандық соты "қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты және ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Ербол Есхожинді 2 жыл 6 айға қамау туралы үкім шығарды. Бұдан бөлек, оған 5 жылға дейін бейбіт жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Белсенді айыбын мойындаған жоқ.
Істі судья Сабыржан Кәрімов қарады. Сот онлайн режимде өтті. Судья сотта "Есхожиннің кінәсі сотта толық дәлелденді" деп мәлімдеді.
Ербол Есхожиннің өзі соңғы сөзінде жалған, дәлелсіз айыптармен қамауда отырғанын, тек Конституциямен берілген құқығын пайдаланғанын, ол үшін өзін кінәлі санамайтынын айтты.
– Мен өзімді кінәлі деп санамаймын және істеген әрекетіме өкінбеймін. Мен басқа отандастарымды өз пікірлерін айтуға, биліктен қорықпай, талап қоя білуге, конституциялық құқығын пайдалануға үйрете алсам, ол менің жеңісім. Батыс аймақта ереуіл көбейді, жұмысшылар жалақы талап етіп жатыр деп естідім. Бұл азаматтық қоғамның оянғаны деп білемін, - деді ол.
Есхожин сот кезінде Азаттыққа өзінің абақтыдағы хал жағдайы туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, "түрмеде қысым болмағанымен кез келген ауруға аспирин дәрісін ғана ұсынады".
– Алты айдан астам уақыттан бері бір рет қана тергеу жүрді. Онда менің Facebook’ тегі жазбаларымды мысал етіп "билікті құлату туралы ойың болды ма" дегендей сауалдар қойылды. Бірақ бұл күлкілі. Билікке қарсы пікір айтып, сынағанды "оны құлатайын деп жатыр" деп бағалайды. Басқа сотталушылар біздің позициямызды қолдап, құрметпен қарағанымен ашық айтуға қорқады, - деді Есхожин.
Сот үкіміне сай, ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.
2019 жылдан бері елдегі әлеуметтік мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді, 44 жастағы Ербол Есхожин 2020 жылдың 22 желтоқсанынан бері қамауда отыр. Ол соңғы екі жылда "заңсыз шеруге қатысты" деген айыппен алты рет қамалып, соңғы бес айды санамағанда жиынтығы 85 күн абақтыда отырған. Бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұлға іліккен.
Былтыр күзде ол полицияға қарата "Назарбаевтың күшіктері" деген сөзі үшін "билік өкілін қорлады" деп айыпталып, екі рет айыппұл алған.
Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Ербол Есхожинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда саяси тұтқындар тізімі ай сайын жаңара бастадыҚазақстанда Ербол Есхожинмен қатар ондаған белсендіге Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 ("экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру") және 2 тармағы ("экстремистік ұйым ісіне араласу") бойынша айып тағылған. Қазір Алматыда 13 белсендінің соты өтіп жатыр.
22 маусымда Нұр-Сұлтан соты тағы бір азаматтық белсенді Асқар Қайырбекті де 1,5 жылға бас бостандығынан айырып, бес жылға дейін қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салған.
Қазақстан билігі шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын жақтайтындарды жиі қудалап, жауапқа тартады.
2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп танып, оның да қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі екі ұйымға тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Әблязов пен жақтастары сот шешімінің саяси астары бар деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Белсенді Ербол Есхожинге тергеу изоляторында психологиялық қысым жасалғаны айтылды "Назарбаевтың күшіктері" деген сөзі үшін жазаланған белсенді Есхожинге тағы бір қылмыстық іс қозғалды "Назарбаев күшіктері" дегені үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған Ербол Есхожинге екінші үкім оқылды