"Қазтрансгаз" Алматы облысында ауада метан бұлты түзілді деген ақпаратты жоққа шығарды

Түркіменстан газын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдайтын газ құбырын салу кезеңі.

"Қазтрангсгаз" компаниясы "Алматы облысында қытайлық газ құбырынан ірі мөлшерде метан тарады" деген ақпаратты жоққа шығарды.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі француздың Kayrros SAS геоаналитикалық фирма дерегіне сүйене отырып, 24 шілдеде Алматының батысына қарай шамамен 100 шақырым жерде ауада метан бұлты түзілді деп хабарлаған болатын. Зерттеу ұйымының дерегінше, Қытайға табиғи газ тасымалдайтын құбырдан сағатына 200 тонна метан шығарылған. Kayrros SAS есебінше, мұндай газ көлемінің әсері бір жыл ішінде 10 мың көліктің ауаға зиянды әсерімен пара-пар.

"Мұндай қалдық газ инфрақұрылымдарында байқалатын метанның бөліну схемасына сәйкес келеді. Газ құбыры мен компрессорлар тіркелген қалдықтарға жақын орналасады. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, метан бұлтына қатысы болуы мүмкін басқа мекеме жоқ" деді Kayrros өкілі.

Ұзындығы 1833 шақырымды құрайтын газ құбыры Түркіменстан газын Өзбекстан мен Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдайды.

3 тамызда газ құбырының қазақстандық бөлігіне жауапты "Қазтрансгаз" компаниясы хабарлама таратып, ауада метан бұлты түзілді деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Қазтрансгаз" АҚ мақалаларда айтылған деректер шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдейді. "Қазтрансгаз" АҚ өз нысандарындағы қауіпсіздікке, оның ішінде экология қауіпсіздігіне орасан зор көңіл бөледі. 10 млн текше фут немесе 300 мың текше метр газ шықты деген ақпарат шындыққа жанаспайды және компанияның тәулік бойы жұмыс істейтін қауіпсіздікті бақылау жүйесінің назарынан тыс қалуы мүмкін емес" делінген компания хабарламасында.

Компанияның хабарауынша, зерттеу компаниясы көрсеткен координаттарда "Азия газ құбыры" ЖШС-і бақылауындағы "Қазақстан-Қытай" магистралды газ құбырының компрессорлық станциясы орналасқан. "Метан тарады" деген күні ол жақта жоспарлы жұмыстар жүргізілген.

"Осы "Азия газ құбыры" компаниясының компрессорлық станциясында 2021 жылдың 24 шілдесінде атмосфераға 16,7 мың текше метр немесе 0,5 млн текше фут көлемінде газ айдайтын жабдықтарға қызмет көрсету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Барлық растайтын құжаттар мен актілер бар" делінген хабарламада.

Ақпаратқа қарағанда, метан көмірқышқыл газынан кейін ғаламдық жылынуға қатты әсері бар табиғи газ бөлшегі.