12 тамызда Қазақстанда 7 798 адамның коронавирус тесті оң шықты. Ең көп науқас Алматы (1507), Нұр-Сұлтан (1276) және Қарағанды облысында (1144) тіркелді.
2020 жылдың наурыз айынан бері 672 322 адамның ПТР-тесті оң көрсеткен. Көбі коронавирус жұқтырғандар бұдан әлдеқайда көп деп санайды.
Сәрсенбі күні 406 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін былтыр тамыз айынан бастап есепке ала бастаған. Былтыр Қазақстанда жазда жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген.
Министрлік ПТР-тесті оң шыққан коронавирус жұқтырғандар мен ПТР-тесті теріс көрсеткен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептейді. Былтыр тамыздан бері ресми мәлімет бойынша, 64 мың адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.
11 тамызда Қазақстанда 127 адам коронавирустан қайтыс болған: 105 адам – коронавирустан, 22 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған деп айтылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, індет басталғалы бері коронавирус тесті оң көрсеткендер арасында 7313 адам қайтыс болған. Коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 3995 адам өлімі тіркелген. Бұл статистикаға бірнеше мың адам өлімі енгізілмеген. Коронавируспен байланысты өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың өліміне коронавирус емес, басқа ауру себеп болды деп айтқан.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 4,6 млн адамға вакцинаның екі дозасы салынған. 1,3 млн адамға бір дозасы егілген.
Қазақстан билігі америка-неміс компаниясы әзірлеген Pfizer вакцинасын елге күзде жеткізетінін хабарлаған. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамынша, Pfizer Қазақстанға қазан айында жеткізілуі мүмкін. Ол бірінші кезекте 12 жастан асқан балаларға ата-анасының рұқсатымен салынады және жүкті әйелдерге егіледі.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 205 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. 4,3 млн адам қайтыс болған.