Жаңаөзенде "терроризмді насихаттау" және "діни алауыздық қоздыру" күдігімен ұсталғандарға араша сұрайды

Көрнекі сурет.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау, Жаңаөзен және Шымкент қалаларында тұратын төрт азаматтың сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталғанын хабарлады.

"Үстіміздегі жылғы 13 тамызда ҰҚК жүргізген сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігімен Атырау, Жаңаөзен және Шымкент қалаларының 4 тұрғыны сот санкциясымен қамауға алынды. Аталған адамдар шетелдік радикалды уағызшылардың ұстанымындағы дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері болып табылады" делінген 14 тамызда ҰҚК сайтында жарияланған ақпаратта.

ҰҚК ақпаратында ұсталған азаматтардың кім екені айтылмаған.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бір топ тұрғын үш күннен бері осы аптада құқық қызметкерлері қамауға алған екі азаматты босатуды талап етіп отыр. Тұрғындардың Азаттыққа хабарлауынша, 11 тамыз күні өздерін "Ұлттық қауіпсіздік қызметіненбіз" деп таныстырған адамдар Жаңаөзенде Ринат Жүсіпов, Айбек Қалмұратов, Асланбек Ұлықпанов, Батырбек Байжанов, Берік Туманчаев пен Арслан Аджибаевты үйінен алып кеткен. Кейін Аджибаев пен Туманчаевтан басқаларын босатқан.

Арслан Аджибаевтың әйелі Меруерт күйеуін ешнәрсе түсіндірместен Атырауға алып кеткенін, өзі соңынан қуып барып, адвокат жалдағанын айтады.

– [Ұстап әкеткеннен кейін] 72 сағат өткен соң уақытша қаму изоляторына отырғызды. Арсланды Жаңаөзенде имам болған Исрафил Багидың жазбасын әлеуметтік желіде 2019 жылы таратқан дейді. Оған "діни алауыздық тудырды" (Қылмыстық кодекстің 174-бабы), "терроризмді насихаттады" (256-бап) деген айыптар таққан деп естідім. Бұл – жала, олай болуы мүмкін емес, – дейді Меруерт.

Ол алты баланың әкесі атанған күйеуінің ешқандай бөтен іске араласпаған намазхан екенін, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) ұстанатын Әбу Ханифа мазхабында екенін айтады.

Арслан Аджибаевтың әйелі айтып отырған Исрафил Баги – Иранда туып-өскен, 2013 жылы атамекенге қоныс аударып, біраз уақыт Жаңаөзен мешітінде имам болған оралман қазақ. 2017 жылы Қазақстан билігі Багиге берілген ықтиярхаттың күшін жойып, оған азаматтық беруден бас тартқан. Кейін Ақтау қалалық соты оны келген еліне – Иранға шығарып жіберген. Жоғарғы инстанция соты Багидың апелляциясын қанағаттандырудан бас тартқан.

Осы аптада әлеуметтік желілерде наразы адамдардың Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына жиналып тұрғаны көрсетілген видеолар жарияланды. Бірнеше адамның 13 тамызда әкімдік алдына түнеп шыққанын айтады. Олар биліктен Аджибаев пен Туманчаевты босатуды талап етеді.

– Екеуі де қоғам белсенділері. Баспанасы жоқтарға үй әперіп, медресе ашып, ауру-сырқауға, мүгедектерге жәрдем беріп жүрген жандар. Күн сайын мешітте елмен бірге намаз оқиды. Арслан Аджибаев тіпті мешітте айтылған уағыздарды, ҚМДБ пәтуасын видеомен монтаждап, мешітке көмектесіп жүрген адам. Босатуды талап етеміз, – дейді видеода әкімдік алдына жиналып тұрғандардың бірі.

Наразы азаматтар талабы жазылған видеода Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке үндеу жасаған. Сондай-ақ олар Қазақстанның бұрынғы президенті, қазір биліктегі "Нұр Отан" партиясы мен Қазақстан қауіпсіздік кеңесін басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының аты-жөнін атап, көмек сұраған.