Жексенбі, 15 тамыз күні "Талибан" күштері Ауғанстан астанасы Кабулдың аумағына кіріп, АҚШ елшілігіне тікұшақтар қона бастады. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Ауған үкіметінің үш қызметкері Associated Press агенттігіне Кабулдың үш ауданы – Қалақан, Қарабақ және Пагманда тәліптердің жүргенін айтты. Тура осының алдында "Талибан" Жалалабад қаласын бақылауға алған.
Кейінгі аптада "Талибан" Ауғанстан аудандарын бірінен кейін бірін басып алып, үкімет күштері ойсырай жеңіліп жатыр. Оларға АҚШ әскерінің әуеден демеуі де көмектесер емес.
Ауған астанасындағы АҚШ елшілігінен брондалған дипломатия көліктері кетіп жатқаны, санаулы сағаттардан соң елшілік аумағына тікұшақтардың келіп-кетіп жатқаны байқалған. АҚШ мемлекеттік департаменті бұл қозғалыс туралы пікір білдірмеді, сауалға жауап бермеді. Алайда елшіліктің шатырынан түтін байқалады. Аты-жөнін жасырған екі АҚШ әскери қызметкері дипломаттардың құпия құжаттарды жойып жатқанын айтты.
Чехия да Ауғанстандағы өз қызметкерлерін қайтару туралы шешім қабылдады. Олар осы шешімнің алдында Кабулдегі халықаралық әуежайға жеткізілген.
Сенбі, 14 тамыз күні халқына жолдау арнаған Ауғанстан президенті Ашраф Ғани оқшауланған күйде қалды. Ол сенім артып отырған әскери қолбасшылардың бір бөлігі "Талибанға" беріліп, бір бөлігі қашып кетіп, Ғаниға әскери тұрғыда амал қалдырмады. Катардағы келіссөздер де тәліптердің қарқынын бәсеңдете алмады.
Соңғы тәулікте тәліптер елдегі ірі қалалар Мазари-Шариф пен Жалалабадты басып алған. Содан кейін Кабул ауған үкіметі бақылауындағы жалғыз ірі қала болып қалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибан" Жалалабадты да басып алды. Үкімет бақылауында ірі қалалардан Кабул ғана қалдыКабулдың қоғамдық парктері мен бұқаралық орындарында мыңдаған бейбіт тұрғын тұрып жатыр. Олар болашағына алаңдайды. Банкоматтар істен шығып, кабулдықтардың жағдайы одан әрі қиындады.
Ауғандардың көбі "Талибан" билікке келсе, репрессиялық заңдарын қайта орнатуы мүмкін деп үрейленеді. Елді 1996-2001 жылдары басқарған "Талибан" әсіресе әйелдерге қатал болды. Оларға жұмыс істеуге, білім алуға, ер адамсыз сыртқа шығуға тыйым салынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибан" әйелдерге арналған тыйымын қайта енгізіп жатыр