Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі елдің өкілдері шекара мәселесі бойынша келіссөз өткізді.
Қырғыз делегациясын Қырғызстан президентінің Баткен облысындағы өкілетті өкілі Әбдікәрім Әлімбаев, тәжік делегациясын Тәжікстанның Соғды облысының губернаторы Раджапбой Ахмадзода бастап келген.
Екі елдің шекаралас аудандарының басшылары мен күш құрылымдары да қатысқан кездесуде шекара маңындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланған.
-Екі елдің күш құрылымдарының бірлескен патруль қызметін күшейту, шекара маңында окоп қазбау, өзара келісіммен ғана видео бақылау орнату туралы айтылды. Жергілікті халық арандап қалмау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу сөз болды,- дейді Қырғызстан тарапынан келіссөзге қатысқан Мұсырманбек Тұрсұматов.
Қырғызстанның Баткен облысындағы өкілетті өкілінің баспасөз қызметі 17 тамыздан бастап шекарашылар мен құқық қорғау органдары шекара маңында жағымсыз көріністерге жол бермеуге арналған бірлескен оқуды бастайтынын мәлімдеді.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның ұзындығы 970 км. Оның 519 км ғана нақтыланған. Биыл шілденің соңында екі тарап тағы да 40 км шекара бойынша ортақ келісімге келгені хабарланған.
Шекараның нақты белгіленбеуіне байланысты екі ел арасында бірнеше рет қарулы жанжал болған. Биыл 28 сәуір мен 1 мамыр аралығындағы қақтығыста Қырғызстанның 36 адамы өліп, 180 адамы жараланған. Тәжікстаннан 19 адам өліп, 87 адам жараланған.