Албания мен Косово тәліптерден қашқан ауғандарды қабылдайды

Ауғанстаннан әскери қызметкерлерін әкетіп жатқан Франция ұшағы.

Албания мен ішінара мойындалған Косово Ауғанстанда АҚШ-пен қанаттас жұмыс істеген бірнеше мың ауған азаматын уақытша қабылдайды. Бұл туралы келіссөзді АҚШ пен екі ел шілде айында бастап кеткен деп жазады Ресейдің "Коммерсант" газеті.

Албания премьер-министрі Эди Рамның сөзінше, АҚШ Ауғанстаннан келетін саяси эмигранттарды транзит ел ретінде қабылдауды сұраған. Албан билігі келісіп, премьер-министрді оппозиция да қолдаған. "Коммерсант" газеті мұндай жағдай сирек кездеседі деп санайды.

Косово президенті Вьеса Османи де ауғандықтарды қабылдауға дайын екендіктерін айтты. Османидің сөзінше, Вашингтонның талабымен екі ел арасындағы келіссөз құпия өткен. Албаниядағыдай бұл елде де оппозия қарсылық білдірмеген.

"Коммерсант" газеті өз дереккөздеріне сүйене отырып, АҚШ-тан 20 мыңнан астам ауған азаматы эвакуациялауды сұраған деп хабарлайды. Оларды отбасыларымен қоса есептегенде 80 мыңға жуықтайды. Reuters дереккөздері уақытша қабылдағаны үшін "Косово мен Албания саяси және экономикалық жеңілдіктер алуы мүмкін, бірақ ол егжей-тегжейлі айтылған жоқ" деп есептейді.

Косово президентінің сөзінше, босқындар АҚШ-қа иммиграциялық виза алғанша уақытша тұрады. "Коммерсанттың" жазуынша, мұның өзіне 14 айға дейін уақыт кетуі мүмкін.

15 тамызда "Талибан" қозғалысы (Қазақстан мен Ресейде террор ұйым ретінде тыйым салынған) Ауғанстан астанасы Кабулды соғыссыз алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани "елді гуманитарлық апатқа ұрындырмау үшін" шетелге кетті.

1996 жылдан 2001 жылға дейінгі арада "Талибан" Ауғанстанның басым бөлігіне билігін жүргізген еді. 2001 жылы АҚШ пен оның одақтастарының әскери операциясынан кейін шетке ығысқан. АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарыла бастағанда тәліптердің белсенділігі қайта күшейген.

Тәліптер Кабулды алған соң ауғандар арасында дүрбелең басталып, қуғын-сүргіннен қауіптенген мыңдаған адам Ауғанстаннан ұшып кетуі үшін әуежайға лап қойды.

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та әскери ұшаққа жүздеген адамның мініп алғанын көрсететін түрлі фотосуреттер жарияланды. Defense One басылымының хабарлауынша, АҚШ әскери әуе күштерінің Boeing C-17 Globemaster III ұшағы 640-қа жуық бейбіт адамды эвакуациялаған. Бастапқыда жолаушылар бей-берекет мінеді деп күтпеген экипаж, дүрбелең кезінде жаппай кірген адамдарды шығарып тастамай, Катарға жеткізген.

Германияның әскери ұшағы әуежайдағы дүрбелең мен атыс салдарынан тек жеті адамды ғана алып ұша алған. Берлин дипломаттарды ғана емес, олармен әріптес болған адамдарды – шамамен екі жарым мыңнан астам адамды эвакуациялайды. Олар отбасымен қосқанды 10 мыңға жетеді. Бұған дейін Чехияның да Ауғанстаннан әскери аудармашылары мен олардың отбасыларын алып кеткені туралы хабар тараған.

Тәліптер шенеуніктерге жаппай рақымшылық жариялап, мемлекеттік қызметкерлерді жұмысына оралуға шақырған.