Ақтөбе соты әкесі қайтыс болған белсенді Асылхан Жаубатыровты үйіне босатпады және оған қатысты сот процесін кейінге қалдырды.
"Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған Жаубатыровтың ісі 17 тамызда қаралуы тиіс болған. Сот басталған бойда адвокат Расиля Өтегенова судьядан әкесі қайтыс болуына байланысты сотталушының бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Судья Әлима Әділова адвокаттың өтінішін қанағаттандырмай тастады.
Адвокат сотқа ұсынған құжаттарға қарағанда, белсендінің әкесі 17 тамызға қараған түні қайтыс болған. Коронавирус жұқтырып, ауруханада емделіп шыққан отбасының өзге мүшелері карантинде. Яғни, марқұмның жақындары жаназаны ұйымдастыра алмайды. Адвокат судьядан Жаубатыровқа адамгершілікпен қарауды сұраған.
"Мен бұлтарпау шарасын өзгертіп, сізді үйқамаққа алған жағдайда да үйіңізден ұзап шыға алмайсыз. Сондықтан өтінішіңіз қанағаттандырылмайды" деді судья Әділова сотталушыға.
Келесі сот отырысы 26 тамызда өтетін болды.
Асылхан Жаубатыров судьяның 17 тамыздағы қаулысына наразылық ретінде келесі сот отырыстарына қатысудан бас тартатынын айтты.
Белсенді Асылхан Жаубатыров тергеу изоляторына биыл 20 мамыр күні қамалған. Оған дейін 5 наурыз бен 6 мамыр аралығында "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен 62 күн үйқамақта болған. Өзінің айтуынша, "үйқамақ мерзімі ұзартылғанынан бейхабар" Жаубатыров 7 мамыр күні видеоүндеу жазып, желіге салады. Ол видеода заңсыз қудаланғанын, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Осы жазба жарияланған соң белсенді қайта қамауға алынды.
44 жастағы Асылхан Жаубатыров – билікке қарсы бейбіт митингілерге жиі қатысып, Қазақстан үкіметіне саяси талап қойып жүрген ақтөбелік азамат.
Соңғы үш жылда белсендінің үстінен 8 рет әкімшілік іс қозғалып, ол 15 рет изоляторға қамалды. Бұл жолы Асылхан Жаубатыровтың үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Адвокатының айтуынша, оған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарының жұмысына қатысты деген айып тағылған.
Қазақстан соты 2018 және 2020 жылдары бұл екі қозғалысты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.
Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
4 сағат оқылған айыптау, микрофон өшіру һәм судьяға наразылық. 13 белсенді сотында не болды?"Саяси өзгерісті қалау – қылмыс емес". HRW Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудалағаны үшін сынады"Шындықты ешкім шынжырлай алмайды". Шымкенттік үш белсенді "ҚДТ-ны қолдады" деп жазаландыСол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?Көлігін өртеу, пышақтау, ұрып-соғу. Белсенділерді "бандит әдісімен" қорқыту