Қырғызстан СІМ: Қазақстан Ауғанстаннан 15 қырғызды эвакуациялауға көмектесті

Ауғанстандағы әуежай.

Қазақстан басшылығы мен сыртқы істер министрлігі Кабулда жүрген 15 қырғыз азаматын эвакуациялауға көмектесті. Бұл туралы қырғыз сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Министрлік хабарламасында қырғыз сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев пен қазақ сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің телефон арқылы сөйлескені, қырғыз министрінің қазақстандық әріптесіне көрсетілген көмек үшін алғыс айтқаны жазылған.

"[Мұхтар] Тілеуберді Қазақстан тарапының Ауғанстандағы қырғыз азаматтары мен дипломатиялық өкілдігі мәселесінде одан әрі де көмектесуге дайын екенін білдірді" деп жазылған қырғыз министрлігінің хабарламасында.

17 тамызда қырғыз сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайға байланысты ол жақтан 9 қырғыз азаматын эвакуациялағанын мәлімдеген. Министрлік Ауғанстанда қанша қырғыз азаматы қалғанын айтпай отыр.

Ауғанстанда қанша қазақ азаматы, қанша ұлты қазақ ауған азаматы бар екенін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де айтпай отыр. Министрлік Қазақстан елшілігі жұмыс істей беретінін айтты. Мұндай шешімді неге сүйеніп қабылдағанын, тәліптермен келісім бар-жоғын сұрағанда министрлік өкілі Айбек Смадияров жауап беруден бас тартты.

15 тамыз күні ауған аудандарының басым бөлігін басып алған тәліптер ел астанасы Кабулға кірді. Сол күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетіп, кешке "Талибан" тұтас Ауғанстанды бақылауға алғанын, Кабулдағы шайқастың тоқтағанын айтты. Тәліптерден қорыққан ауған халқы қаладағы халықаралық әуежайға ағылып, елден кетуге талпынды. Батыс мемлекеттері төтенше жағдайда өз дипломаттары мен дипөкілдікке қызмет еткен ауған азаматтарын эвакуациялап жатыр.