Қазақстан қорғаныс министрлігі Ауғанстаннан 42 адам эвакуация жасалғанын хабарлады. Министрліктің мәліметінше, 18 тамыз кешкі бесте Алматыға қонған С-295 әскери ұшағында Қазақстанның 25 азаматы – 15 ересек, 10 бала болған. Елге келгендердің арасында Қазақстан елшілігінің қызметкерлері де бар.
Бұдан бөлек, бұл ұшақпен басқа елдердің де азаматтары эвакуацияланғаны хабарланды.
"Қырғыз тарабының өтініші бойынша Қырғызстанның 14 азаматы эвакуацияланды. Гуманитарлық көмек ретінде Ауғанстаннан ұшып келген ұшақта Ресейдің бір азаматы және Қазақстан елшілігіне қайырылған Литваның бір азаматы болды" деді министрлік.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 18 тамызда "Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі қызметін жалғастырып жатқанын" айтты
"Он шақты дипломат қалды. Олар жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген" деді Смадияров.
Қазақстанда және көптеген елде террористік ұйым деп танылған "Талибан" қозғалысы Ауғанстанға қайта бақылау орнатқан соң көптеген ел азаматтарын және елшілік қызметкерлерін жаппай эвакуациялай бастады.
Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қазақтар да Қазақстан билігінен көмек сұраған. Бүгін, 18 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстан қазақтарына көмек көрсетуді, "қажет болса көшіріп алуды" тапсырғанын мәлімдеді.
Биыл мамырда АҚШ президенті Джо Байден америкалық әскерилерді Ауғанстаннан шығара бастаған. Осыдан соң "Талибан" қайта күшейіп, Ауғанстан аймақтарын бірінен соң бірін басып алды.
15 тамызда тәліптер Кабулға кіріп, Ауғанстандағы билікті қайта қолға алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашты. Тәліптерден қорыққан ауған халқы қаладағы халықаралық әуежайға ағылып, елден кетуге талпынып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кабул тәліптер қолында, Қазақстан неге дайын болуы керек?